
Өңірлік коммуникация қызметінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін Атырау облысына шет мемлекеттен 122 отбасы тұрақты мақсатта қоныс аударып, қандас мәртебесін алды.
Өңірге барлығы 169 этникалық қазақ қоныстанды.
Келген қандастардың басым бөлігі – Өзбекстан Республикасынан (127 адам). Сондай-ақ Ресей Федерациясынан 22 адам, Түрікменстаннан 12 адам, Қытай Халық Республикасынан 7 адам және Моңғолиядан 1 адам қоныс аударған. Олардың 153-і Атырау қаласына, 7-еуі Жылыой ауданына, 8 адам Құрманғазы ауданына және 1 адам Мақат ауданына орналасты.
Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, биыл облысқа 100 адамға квота бөлінді. Бүгінге дейін комиссия шешімімен 56 отбасы (90 адам) квотаға енгізілді. Олардың ішінде 63 адам – Өзбекстаннан, 10 адам – Қытайдан, 10 адам – Ресейден, 7 адам – Түрікменстаннан.
Көші-қон шығындарын өтеу мақсатында 81 адамға 70 АЕК мөлшерінде 22 294 440 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Бұдан бөлек 6 отбасындағы 13 адамға тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемге 20-25 АЕК мөлшерінде – 727 420 теңге көлемінде ай сайынғы жәрдемақы тағайындалды.
Сонымен қатар заңда көрсетілген мерзімге сәйкес 15 қандастың мәртебесі 6 айға ұзартылды.
Қазір Атырауда қандастарды уақытша орналастыру орталығы тұрақты жұмыс істейді. Мансап орталықтарына жүгінген 10 қандастың 5-еуі әлеуметтік қолдауға ие болды: 2 адам тұрақты жұмысқа, 2 адам қоғамдық жұмысқа орналастырылып, 1 адам қайта даярлау курсына жіберілді.
В Атырау -1