Атырау, 5 желтоқсан 08:39
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Қазақстанның газ саласындағы ірі жобалары мен транзит әлеуеті нығаяды

311 рет қаралды

Сурет Aqorda

Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездесті.

Кездесу барысында мемлекет басшысына ұлттық компанияның атқарған жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Қазіргі уақытта еліміздегі газдандыру деңгейі 62,4%-ға жеткені айтылды. Соңғы үш жылда 1,7 миллионнан астам азамат табиғи газдың игілігін пайдалана бастады.

Сонымен қатар, Жетісу облысының 66 елді мекенін газбен қамтитын Талдықорған – Үшарал газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталғаны туралы ақпарат берілді. Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын ауыстырып тиеу және фракциялау зауытының құрылысы, сондай-ақ Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары басталғаны айтылды. Түрік инвесторы ESTA компаниясымен бірлесіп құны 1,35 миллиард доллар болатын карбамид зауытының жобасы қолға алынған.

Санжар Жаркешов Ресейден Қазақстан арқылы Өзбекстанға көгілдір отын тасымалдау көлемінің өскені маңызды жетістік екенін атап өтті. Сонымен қатар, Орта Азия – Орталық магистралды газ құбырында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары туралы мәлімет берді. Бұл жоба өңірлік энергетика саласындағы еліміздің рөлін күшейтетін маңызды жоба болып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша газдың ресурстық базасын дамыту мақсатында бірнеше стратегиялық келісімге қол қойылды. Олардың арасында «Аққұдық» және «Северный-2» учаскелерінде жер қойнауын пайдалану келісімшарттары, сондай-ақ CNPC компаниясымен «Северный-1» учаскесінде бірлескен барлау жұмыстары бар.

Сонымен бірге, газ саласында цифрлық технологияларды енгізу жоспарланып отыр, оның ішінде NVIDIA-ның жаңа графикалық чиптерімен жұмыс істейтін суперкомпьютерді қолдану жоспары баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау және газ саласындағы әлеуетті жүйелі түрде арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.

14 шілде, 14:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.