Атырау, 6 желтоқсан 18:52
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Атырауда күн қатты қызады

647 рет қаралды

Атырау облысында шілде айында ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК АОФ мәліметіне сүйеніп, Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Қазгидромет» РМК АОФ ауа-райын болжау бөлімінің басшысы Айна Қазғұлованың аутынша, айлық орташа температура +26,9°С пен +29,1°С аралығында болмақ. Бұл көрсеткіш көпжылдық орташа мәннен шамамен 1°С жоғары (қалыпты көрсеткіш: +25,6°С - +27,9°С).

- Шілде айының екінші және үшінші онкүндігінде күн қатты ысиды. Ауа температурасы +38°С-тан +43°С-қа дейін көтеріледі деп күтілуде. Түнгі уақытта да қатты салқын болмайды — түнгі ауа температурасы +22°С пен +27°С аралығында сақталады, – деп нақтылады синоптик маман. 

Ауа райының күрт ысуына байланысты мамандар, әсіресе, күннің ыстығына сезімтал жандарды — балаларды, қарттар мен созылмалы ауруы бар тұрғындарды барынша сақтыққа шақырады.

- Ауа температурасының жоғарылауы ағзаның тез шаршауына, қан қысымының көтерілуіне және жүрек-қан тамырлары жұмысының әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Осы кезеңде тұрғындар көлеңкеде жүріп, бас киім киіп, сұйықтықты көп мөлшерде тұтынуы тиіс. Күннің ең қызған уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында далада ұзақ болудан аулақ болған жөн, – дейді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас терапевті Мейіргүл Кенжеғалиева.

Сондай-ақ мамандар бұл кезеңде ресми дереккөздерден ауа райына қатысты ақпаратты бақылап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

11 шілде, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.