
Облыс орталығында +43°С-қа дейін аптап ыстық, алайда 58А және 58Б бағытындағы автобустарда әлі күнге дейін кондиционерлер жұмыс істемейді.
Қаланың шет аудандарынан қалаға дейінгі бағытта қатынайтын бұл автобустар бірнеше ықшамауданды аралап өтеді. Жолаушылардың айтуынша, күннің ыстығында көлік күтіп аялдамада жарты сағаттап тұрып, кейін салқындатқышы істемейтін автобуста тағы да сағаттап жол жүру - үлкен азап.
- Ай жарым бұрын дәл осы мәселені көтеріп едім. Ол кезде “запчасть күтіп отырмыз” деген жауап алдым. Екі айға жуықтады, сол бөлшек әлі келмей жатыр ма? Әлде бұл халықты құрғақ уәдемен алдау ма? Жұртқа обал емес пе? Автобус тегін қатынап жүрген жоқ қой, жолақысын төлейміз. Бірақ сапа жоқ, - дейді қала тұрғыны.
Азаматтардың бұл шағымына жауап ретінде «Akzhayik Avtopark» ЖШС мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, жолаушылар тасымалына қатысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен жасалған келісімшартта салқындатқыштың болуы жөнінде талап көрсетілмеген.
- Қазіргі таңда автопарктің қарамағындағы қоғамдық көліктерге салқындатқыш орнату немесе жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде, -делінген «Akzhayik Avtopark» ЖШС жауабында.
Алайда тұрғындар бұл жұмыстың тым баяу жүріп жатқанын айтып, мәселенің нақты шешілу мерзімін білгісі келеді. “Ыстықтың беті қайта ма дегенше, жаз да өтіп кетпей ме?” - дейді олар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -1