Атырау, 6 желтоқсан 18:48
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Жайықта шомылуға тыйым салынғанына қарамастан, балалар суға кетіп жатыр

497 рет қаралды

Атырау облысында суға шомылу маусымы жүруде. Өкінішке орай қайғылы жағдайлар да орын алып отыр. Адамдар тыйым салынған жерден суға түсіп, жазым болып қалып жатыр. Көбіне - бала.  

Биыл да жыл басынан бері жеті адам суға кетіп қайтыс болса, оның 3-уі балалар. Мұның ішінде 4 адам шомылу маусымы кезінде қайтыс болған. Шілде айында Махамбет ауданынан суға кетіп қайтыс болған 14 жасар екі бала рұқсат етілмеген жерге барғаны анықталған.

Өткен жылы су тасқынына байланысты суға шомылу маусымы ашылған жоқ. Соған қарамастан бірнеше адам суға кетіп, қайғылы қазаға ұшырады. Атап айтсақ, суға кеткен 13 адамның сегізі бала.  

Жалпы билік басындағылар облыста 46 суға түсу орнын белгілегенімен жағажайлар дұрыс жабдықталмаған болып шықты. Бірінде медициналық пункт болмаса, екіншісінде құтқарушылар қызметі қарастырылмаған. Мердігерлер талапты орындамай отыр. Ал ТЖД қызметкерлеріне белгіленген жағажайдағы судың астын тазарту (әйнек, тас сияқты) ғана міндетіне кіреді. 

- Жыл басынан бері 1800 рейд ұйымдастырылып, оған 4000 адам қатысып отыр, - дейді ТЖД баспасөз хатшысы Фаруза ҚАЙРОЛЛИНА. - Су айдындарынан 5 адам құтқарылды, оның 1-уі бала. Күнделікті патрульдеу кезіндегі үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде 10 адам оқыс оқиғандан аман қалды.

Рұқсат етілмеген жерде шомылғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412 бабы бойынша айыппұл салынады. Десек те тұрғындар оны ескермей отыр. Әсіресе мына аптап ыстықта балаларды мұқият қадағалаған жөн деп ескертеді құтқарушылар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 шілде, 10:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.