
Атырауда 2025 жылдың І-ІІ тоқсандарында облыстық білім беру ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатының тиімділігі мен мақсатты жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізілді. Бақылау аясында 12 білім беру мекемесі мен мектеп-интернаттарының жұмысы қаралды.
Бұл туралы тексеру комиссиясының мүшесі Жанат Даулеталиева баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2022-2024 жылдар аралығына жүргізілген аудит нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмауынан бірқатар қаржылық заңбұзушылық пен жүйелі кемшіліктер анықталып, білім беру ұйымдарының қаржылық тәртібі мен жоспарлау процесін жетілдіру, бақылауды күшейту қажеттігі белгілі болды.
Жалпы анықталған заңбұзушылықтардың көлемі — 2,6 млрд.теңге. Оның ішінде:
- 970 млн теңгесі – қаржылық бұзушылықтар,
- 1,5 млрд теңгесі – тиімсіз жоспарлау,
- 143 млн теңгесі — тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты.
Нақты айтқанда, бюджет қаражатын жоспарлау кезінде өтінімдердің дұрыстығы мен негізділігі қамтамасыз етілмеген, жоғары тұрған бюджеттен бөлінген трансферттер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған. Сонымен қатар бірқатар мектепте медициналық кабинеттер лицензиясыз жұмыс істеп, тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмегені анықталды. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету барысында қолданыстағы заңнама талаптары толық сақталмаған: кейбір өнім түрлері ас мәзіріне енгізілмеген. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері орнатылғанымен камералар жазу функциясынсыз жұмыс істеп, бейнемұрағатқа қол жеткізу мүмкін болмаған. Бұдан бөлек кейбір негізгі қорлардың жаңа күйінде қоймаларда сақталып тұрғаны анықталды.
Бұл кемшіліктер облыстық білім беру ұйымдарында бюджет қаражатын басқаруда қаржылық тәртіп деңгейінің тиісті деңгейде еместігін көрсетеді.
Жалпы 172 кемшілік пен тәртіп бұзушылық ресімделді. Аудит қорытындысымен 92 әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша құжаттар Атырау облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, Мемлекеттік кірістер басқармасына, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, сондай-ақ Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жіберілді. Одан бөлек Атырау облыстық Полиция департаментіне террористік тұрғыдан осал нысандардың қорғалу талаптарының бұзылуына байланысты тиісті шара қабылдау үшін құжаттар жолданды.
- анықталған қателіктерді жою мақсатында Тексеру комиссиясы аудит қорытындысында білім беру саласын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар мен тапсырмаларын айтты. Жүктелген маңызды міндеттердің қатарында:
- Бюджеттік өтінімдерді жасақтау мен бөлуде дәлдік пен негізділікті арттыру,
- мектептердегі ыстық тамақпен қамту, жылумен жабдықтау және тазалық қызметтерін аутсорсинг арқылы ұйымдастыру,
- медициналық кабинеттерді толық лицензиялау және қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау,
- пайдаланылмай тұрған мүліктің нақты қажеттілігін анықтап, тиімді пайдалану мәселесі қойылды.
Бұл тексеру өңірдің білім беру мекемелерінде бақылауды күшейту және қаржылық тәртіпті арттыру қажеттігін көрсетті.
В Атырау -1