
Атырауда жаз ортасына келсе де, бірде-бір жағажай ашылған жоқ. Тұрғындар ыстықтан қорғанатын орын таппай, жергілікті билікті сынға алуда.
– Жаздың бітуіне бір айдан астам уақыт қалды. Ыстықта шомылатын бір жағажай таппай қиналып жүрміз. Қоғамдық жағажайлардың бәрі қаңырап бос жатыр. Әкімдік бұған неге алдын ала қам жасамаған? – дейді қала тұрғындарының бірі.
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде коммуналдық меншікте 5 жағажай бар. Оның үшеуі сенімгерлік басқаруға берілген:
- Қ.Мамекұлы көшесіндегі жағажай – 2022 жылы «Биян» ЖК-не,
- Жилгородоктағы «Малибу» жағажайы – 2020 жылы «LUCH» ЖК-не,
- Мечников көшесі маңындағы жағажай – 2020 жылы «Атырау Саябақ» ЖК-не 10 жыл мерзімге тапсырылған.
Алайда, әкімдіктің хабарлауынша, Жилгородоктағы «Малибу» жағажайы мен орталық ФОК маңындағы жағажайлар 2023 жылы коммуналдық меншікке қайтарылған. Бірін кәсіпкер өз еркімен, екіншісін сот шешімімен қайтарған.
Биыл жаз басталар алдында бұл жағажайларды қайта сенімгерлік басқаруға беру үшін e-qazyna.kz веб-порталына хабарлама жарияланған. Алайда бұл процес бір айға созылды.
- Қазіргі таңда екі жағажай бойынша да жеңімпаздар анықталып, олар дайындық жұмыстарына кірісуге дайындалып жатыр, - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске салсақ бұған дейін әкімдік шомылу маусымының кешігуін Төтенше жағдайлар департаментінің рұқсат бермей жатқанымен байланыстырған еді. Ал ТЖД өкілдерінің айтуынша, департамент рұқсат берумен айналыспайды. Кәсіпкерлер жағажайды қоршап, қажетті жабдықтарды орнатып болған соң, құтқарушылар судың түбін тексеріп береді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -1