Атырау, 6 желтоқсан 21:19
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырау-Орал тас жолы: халықтың жанайқайы

731 рет қаралды
Сурет "АЖ" архивінен

Бүгінде республикалық маңызға ие «Атырау-Орал» тас жолы тас-талқан күйде. «Жол азабы-көр азабы» демекші, жолдың күйі кеткелі көп болды. 

8-ші шілде күнгі әлеуметтік бейнежазбасында Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ ЖҰБАНОВ Индер ауданында болған сапарында жергілікті тұрғындардың осы жол жайының проблемасын көтергенін айтты. Депутат осы жолмен өзі өтіп, жағдайды көзбен көруді ұйғарыпты.

- Мен Индер ауданының тұрғындарымен кездесіп, тыныс-тіршілігімен танысып келемін. Сонда ең маңызды сұрақ осы Атырау-Орал тас жолының қазіргі жағдайы еді. Жол экономиканың күре тамыры десек, біз осындай жолмен жүріп экономиканы қалай ғана көтереміз. Қазақстан республикасының локомотиві болып табылатын Атырау облысында мұндай жолдың болуы Көлік министрлігі мен жергілікті атқарушы билікке үлкен сын. Халықтың орынды ренішін туғызып отыр. Бұл жолды күрделі жөндеуден өткізу 2025 жылы деп белгіленгенімен неге екені белгісіз кейінге шегертіліп отыр, - деді Ә. Жұбанов.

«АЖ» поштасына түскен арыз, шағымдардың басты тақырыбы осы жол жайы болып тұр. Шұрқ-тесік болған жол жамауға да келмейді. Санап тауыса алмайтын шұңқыр жолдар жетіп артылады.

- Осы жолдың күрделі жөндеуден өткенініне жиырма жылдан асқан болар. Сол жылдан бері қанша рет жамалды, жылға жетпей онысы істен шығып жатыр. Бір сапарда-ақ көлігіміз істен шығып жатыр, оған бірақ ешкім жауапты емес. Қанша адам осы жолдың кесірінен апатқа ұшырап жатыр, ол ешкімді қиналдырмайды. Осы жолда өмір мен өлім белдескен кездер өтіп жатыр, - дейді темір тұлпар тізгіндегендер.

Бүгінде облыстық маңыздағы «Атырау-Индер» жолы күрделі жөндеуден өтіп, ауыр жүк көліктеріне тиым салынған. Сол себептен барлық жүк көлігі «Атырау-Орал» жолымен жүріп, онсызда кетеуі кеткен жолдардың күйі кеткен. «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау филиалының директоры Серік КЕРІМҚҰЛОВ осы жылдың сәуір айында «АЖ» берген сұхбатында 12500 шұңқыр жамау жұмыс жүреді, оны «ҚАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиалы атқарады деген болатын. Бүгінде шұңқыр жамау Махамбет ауданы төңірегінен аса алмай отыр. Ал Индер ауданы территориясы өлмешінің күйін кешуде. 

«Атырау-Орал» тас жолы екі және төрт жолақты болады деген де сағым күйінде қалған. Республикалық «Атырау-Орал» тас жолының ұзындығы - 487 км. Оның 303-і Батыс Қазақстан облысына, ал 184 км Атырау облысына тиесілі.      

Ләззат ҚАРАЖАНОВА     

10 шілде, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.