
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Түпқараған ауданындағы Доңға кен орнына барды. Сапар барысында ол «Dunga Operating GmbH» компаниясында өндірістік жиналыс өткізді.
Кездесу барысында кен орнын әрі қарай игеру бойынша іс-шаралар, соның ішінде жаңа газ компрессорларын жеткізу мен салу, сондай-ақ ұзындығы 18 шақырым болатын экспортқа бағытталған мұнай құбыры жобасының жай-күйі қаралды.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Доңға кен орнында мұнай өндіру көлемі 340 мың тоннаға жетіп, жоспардан 7 мың тоннаға артық орындалды. Ал 2024 жылы 630 мың тонна мұнай өндірілген болатын. Биылғы жылға жоспарланған көрсеткіш — 649,3 мың тонна.
Компания қазіргі таңда өндіріс деңгейін ұлғайту және тұрақтандыру мақсатында бірқатар геологиялық-техникалық іс-шараларды қамтитын кешенді бастамаларды жүзеге асырып жатыр.

Жиын соңында ҚМГ басшысы 2025 жылға арналған өндірістік және қаржылық мақсаттарға қол жеткізуді, кен орнын игеру жобасын жаңартуды және жаңа технологиялық қондырғыларды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Анықтама: 2023 жылы ҚМГ TotalEnergies француз компаниясынан жобаның 60% үлесін сатып алған болатын. Осы мәміле нәтижесінде операциялық компанияның атауы Dunga Operating GmbH болып өзгертілді.
В Атырау +4