
Атырау облысында дәрігерлер омыртқасының L1 бел омыртқасының компрессиялық сынығы диагнозымен түскен 59 жастағы науқасқа жоғары технологиялық күрделі операция жасап, оның қайта қозғалуына мүмкіндік туғызды.
Бұл науқасқа дер кезінде дұрыс диагноз қойылып, ота жоғары мамандандырылған әдіспен жасалғанының нәтижесі болып табылады.
Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген әйел бел тұсындағы қатты ауырсыну мен қозғалыс шектеулігіне шағымданған. Тексеру барысында омыртқасының L1 деңгейінде асқынбаған компрессиялық сынық анықталды. Мұндай жарақат көбінесе биіктіктен құлау, жол апаты немесе тікелей соққыдан туындайды және уақытылы емделмеген жағдайда мүгедектікке әкелуі ықтимал.
Отаны облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Еркін Ербулеков пен Жылыой аудандық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Жанболат Байзуллин бірлесіп мастер-класс форматында жүргізді. Олар пункциялық вертебропластика әдісін қолданды — сынған омыртқаға арнайы медициналық цемент енгізу арқылы қалпына келтіру тәсілі, ол аз инвазивті болып, рентген аппараты арқылы нақты бақыланады.
Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін, қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты екенін және отадан кейінгі келесі күні-ақ өздігінен тұрып, қозғала бастағанын хабарлады. Бұл өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп жатқанын дәлелдейтін маңызды оқиға болып отыр.
Облыстық нейрохирург Еркін Ербулековтың айтуынша, мұндай оталар шалғай аудандарда медицинаның дамуының белгісі саналады және науқастардың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосады.
В Атырау -1