
Мобилизацияның екінші толқынын болдырмау үшін қабылданған қадам.
Ресей президенті Владимир Путин шілденің 8-і күні шетел азаматтарына тек әскери немесе төтенше жағдай емес, мобилизация кезінде де Ресей армиясында қызмет етуге рұқсат беретін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Евронью́с.
Бұл шешім Украинадағы соғыс алаңындағы шығындарды өтеу және ел ішінде наразылық туғызатын жаңа мобилизациядан аулақ болу үшін қабылданған. Сонымен қатар Кремль Сыртқы барлау қызметі (СВР), ФСБ және басқа да қауіпсіздік органдарына зейнетке жақындаған мамандарды жұмысқа алуына рұқсат берді.
Бұған дейін шетелдіктерге тек әскери не төтенше жағдай жарияланған кезде ғана армияда қызмет етуге рұқсат етілетін. Ал Украинаға басып кірген үш жарым жылда Ресей мұндай жағдай жариялаған жоқ.
АҚШ пен Ұлыбритания барлау мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың сәуірі мен 2024 жылдың мамыры аралығында Ресей 1500-ден астам шетелдік жалдамалыны Украинамен соғысқа тартқан. Олардың басым бөлігі — Оңтүстік және Шығыс Азиядан келгендер, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен және Африкадан.
Шетелдіктерді тартудың негізгі себептері ретінде — қаржылық ынталандыру мен Ресей азаматтығын алу мүмкіндігі көрсетіледі.
Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі бұл тактиканың сақталатынын, бірақ Ресей армиясының құрылымын түбегейлі өзгертуі екіталай екенін атап өтті.
Украина Генштабының мәліметінше, Ресей соғыс басталғалы бері 1 миллионнан астам әскери қызметкерінен айырылған.
В Атырау +4