Бұған қоса, ұйымшылдығы төмен қажыларға қолданылатын шара да қатаңдатылатын болды. Осыған орай Мекке провинциясының губернаторы, ханзада Халед әл-Фейсал мәлімдеме жасады. Оның мәлімдемесі бойынша қажылық ережесін бұзғандарға қатысты қолданылатын шаралардың реті мынадай:
- Арнайы рұқсат құжаты жоқ шетелдік азаматтар дереу еліне қайтарылады әрі он жыл бойы корольдікке келуіне тыйым салынады;
- Заңсыз жолмен енген қажыларды тасымалдаған көлік иесіне ұсталған жағдайда айыппұл салынады әрі олардың көлігі тәркіленеді;
- Қажылықты ұйымдастырған алаяқ компаниялар тексеріледі әрі олардың кінәлі екені белгілі болған жағдайда компания жетекшісі бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оларға ешқандай рақымшылық болмайды.
Muslim.kz сайтының жазуынша, Сауд Арабиясының Қажылық істері жөніндегі министрі Бандар Хажар өз кезегінде қажылардың қалтасынан шығатын қаржының қазынаға түспейтінін, қажыларға қызмет көрсететін ұлттық компанияларға кететінін жеткізді. Қызмет көрсету ақысының көтерілмеуін бақылауда ұстайтынын да тілге тиек етті.
Дереккөз: inform.kz