Атырау, 6 желтоқсан 21:16
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Қызылқоға ауданында шегіртке қаптап кетті

Бейнежазба
391 рет қаралды
Видеодан алынған скриншот

Атырау облысында итальяндық прус, саяқ, үйірлі шегірткелер қаптап кетті.

Әсіресе, Қызылқоға ауданында қарша бораған шегірткелер көлік жүрісін тежеп тұр. Әлеуметтік желіде «Индер-Қарабау-Миялы» тас жолында қаптаған шегіртке көліктер жүрісіне кедергі келтіруде екені үздіксіз жариялануда. Қарабау мен Қаракөл ауылдарының жолында шегіртке көшінен көлік жүруі мүмкін емес. Терезеге соғылғаны аздай, көлік ішіне де кіріп кеткен. 

Бейтаныс адам шегірткелер басып кеткен көлігін тазартқан бейнежазба тарады. 

Ал қырдағы шаруа қожалықтарының жағдайы да мәз емес. Айтуларынша қарша жауған зиянкес мал жайылымы мен шабындықтарды отап бітірген. 

«Шабындықты да, жайылымдық жерді де жеп бітірді. Үйдің ішіне де кіріп кетіп жатыр» деп дабыл қағады қызылқоғалық фермерлер. 

Фермер Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ шегірткелерді улаудың өз мәнінде жүріп жатпағаны жөнінде бірнеше рет дабыл қақты. Аудан әкімшілігі де дәрменсіз, өйткені тапсырысшы басқа. 

Аудан әкімінің орынбасары Ерболат ИҒАЛИДЫҢ айтуынша, 2024 жылы үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 7 мың га болса, 2025 жылға үйірлі шегіткелерге (итальяндық прус) қарсы салынған болжам 21 мың гектарды құрады. Шегірткенің ұшу-шағылысу кезеңіндегі болжамнан бөлек, 3 есеге көбейтіліп, 21000 гектардан бөлек 17413 га қосылып, барлығы 38413 гектарға (итальяндық прус) химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Зиянкестің осындай деңгейде көбеюі өткен жылы су көп келіп, шегірткелер шықпай қалды. Енді биыл көбейіп кетіп тұр. Саяқ шегірткелер де шамадан тыс көп. Мәселен, өткен жылы саяқ шегірткелерді химиялық өңдеу жұмыстары болжам бойынша 750 га болса, биыл 3 есеге көбейіп, 17510 гектар улау жүрді. Бұған 2 бірлік дрон, 3 бірлік газогенератор, 2 делталет қатыстырылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған қосымша мәліметте Қызылқоға ауданында итальяндық прус дернәсілдердің жер бетіне шығуы 6-шы мамырда тіркелсе, улау жұмысы 16 мамырда басталған. Шегірткелердің болжамнан тыс көбеюін басқарма басшылығы былайша түсіндірді: "Зиянкес күбіршектерінің топырақ қабатына орналасуы әртүрлі тереңдікте болуына байланысты және дернәсілдердің бастап шыққан кезінен түнгі ауа температурасының төмен болуынан олардың шығуы созылыңқы болды. Мамыр айының үшінші онкүндігінен бастап күн қатты ысып, күндізгі мезгілде ауа температурасы  40 градустан асты. Осылайша болжам жасалған аймақтарда химиялық өңдеулер жүргізілгеніне қарамастан дернәсілдердің екінші толқыны жер бетіне шығып, мәжбүрлі қайта өңдеулер жүргізілді. Маусым айының зерттеулер барысында зиянкестің үшінші толқындағы дернәсілдері анықталды. 

- Жұмыс көлемі үш есеге артты, - деп нақтылады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы  Амангелді САЛАМАТ. Атырау облысы аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зииянкестері үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу 65100 гектарға болжанған. Ол есепте Қызылқоғадан бөлек Құрманғазы, Исатай, Индер құмды шағылды алқаптары бар. Жалпы күні бүгінде үйірлі шегірткелерге қарсы 74113 гектар жер химиялық өңдеуден өтсе, қалған 400 гектары 4 шілде күні Атырау қаласы аумағында қамысты алқаптарда азиялық шегірткелерге қарсы өңдеу жүргізілген. 

Сонымен қатар облыс аумағында саяқ шегірткелерге қарсы 38 731 гектарға (Жылыой ауданы-2000, Құрманғазы ауданы-16800, Махамбет ауданы-3600, Қызылқоға ауданы-2510, Атырау қаласы-4856, Индер ауданы-3365, Исатай ауданы-4600,  Мақат ауданы-1000 гектар) химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 

Жалпы облыста 53681 гектар саяқ шегіртке аумағы уланған. 

Зерттеу жұмыстарын жүргізуге жауапты ҚР АШМ АӨК МИК-нің «Республикалық фитосанитарлық диагностика және божамдар әдістемелік орталығы» РММ Атырау облыстық филиалы. Жалпы химиялық өңдеу шараларын Алматылық «AVIASILA» ЖШС, жерүсті тәсілі арқылы желдеткіш бүріккіштер мен газогенараторлар арқылы қызмет көрсететін Батыс Қазақстан  облысының «Магтоксин» ЖШС, «Фитосанитария» республикалық мемлекттік кәсіпорны ұшқысыз ұшақ дрон арқылы жүргізуде.

 Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 шілде, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.