Атырау, 6 желтоқсан 21:17
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Атырау соттары 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы жұмысын қорытындылады

378 рет қаралды

Атырау облыстық сотында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өтті. Оған облыстық сот төрағасы Мұхтар Парменов, сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Гүлжан Жұмағалиева, сондай-ақ қалалық және аудандық соттардың төрағалары қатысты.

Кеңес барысында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқаларының есепті кезеңдегі қызметі сараланды. Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Тәтті Уалиева облыс соттарында қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша тіркелген істер санының артқанын атап өтті. Есепті кезеңде 650 тұлғаға қатысты 528 іс қаралып, оның 384-і бойынша үкім шығарылған. Нәтижесінде 446 адам сотталып, 10 тұлға ақталған. Апелляциялық сатыда 147 іс қаралған. Сонымен қатар облыс соттарында 8 371 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралып, 694 іс медиация тәртібімен шешілген.

Азаматтық істер алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиев 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда талап қою істерінің саны 1 391-ге артқанын айтты. Барлығы 7 693 азаматтық іс қаралып, оның ішінде 4 393 іс бойынша шешім шығарылып, 1 218 іс татуласу рәсімімен аяқталған. Апелляциялық тәртіпте 632 іс қаралған.

Ал әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы Анаргүл Салихова әкімшілік істер бойынша талап арыздардың саны 130-ға артқанын жеткізді. Жалпы 492 әкімшілік іс қаралып, 170 іс бойынша шешім шығарылған. Оның 61 пайызы талап қанағаттандырумен аяқталса, 66 іс татуластыру арқылы шешілген. 105 талапкер өз өтінішін кері қайтарып алған. Апелляциялық сатыда 107 іс қаралды.

Кеңес соңында облыстық сот төрағасы Мұхтар Парменов аудандық соттар төрағаларының баяндамаларына тоқталып, сот төрелігінің сапасын арттыру және заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Ол сот алқаларының төрағаларына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.

8 шілде, 19:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.