
Атырауда Ұлттық домбыра күні кең көлемде және ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Сұлтан Бейбарыс алаңында өткен мерекелік шараға мыңдаған қала тұрғындары мен өнерсүйер қауым жиналды.
Кеш барысында екі бірдей өнер ұжымы — Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармония жанындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» оркестрі сахна төрінде өнер көрсетті.
Мерекенің басты ерекшелігі — мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында домбыра үйірмесіне қатысатын 5000-нан астам баланың бір мезетте күй орындауы болды. Бұл ерекше өнер көрсетілім — Атырау қаласының өнерге деген ерекше ықыласын және жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлерге деген құрметін айқын дәлелдеді.
Кеш барысында алдымен балалар орындауындағы “Нәр ағашы” күйі орындалды. Одан кейін қос оркестрдің сүйемелдеуімен бас дирижер Болат Долдашовтың жетекшілігімен “Балбырауын” күйі күмбірлеп, көрермендерді рухтандырды. Сонымен қатар жеке орындаушылар мен би ансамбльдерінің өнері де ерекше ықыласпен қабылданды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ауқымды іс-шаралар арқылы ұлттық өнерді жас ұрпаққа сіңіру, төл мәдениеттің мәңгілік мұра ретінде сақталуын қамтамасыз ету көзделеді.
Домбыра күніне арналған бұл шара Атырау халқының мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі ретінде есте қалмақ.
В Атырау +1