
Тиісті меморандумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтың ҚХР-ның жұмыс сапары барысында қол қойылды.
Құжат Eurasia packing materials компаниясы мен қытайлық Sheniyang Tiantianyuan мaterials Co зауыты арасында жасалды. Қос компания бірлесіп Атырауда жабысқақ лента (скотч) шығаратын зауыт салу туралы келісімге келді. Жоспар бойынша биыл жобалау жұмыстары қолға алынады. Ал құрылысы келер жылы басталмақ.
Жобаның басты ерекшелігі – шикізат ретінде Атырау мұнай-химия кластеріндегі кәсіпорындар өндірген жергілікті компоненттер пайдаланылады. Бұл тұрақты шикізат базасын қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті төмендетіп, өнімнің локализация деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Атырау облысында іске асатын бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып , өңірдің индустриялық базасын кеңейтіп, Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтады.
Сапар барысында Атырау өкілдері мұнай-химия саласында жұмыс істейтін 3 кешеннің жұмысымен танысты. Олар:
- Huajin Aramco Petrochemical;
- Bora Lyondell Bassell Petrochemical;
- Hengli Petrochemical.
Мұнда шикізат та, одан туындайтын дайын өнім де бір кешеннен шығады, яғни, шикізаттан дайын өнімге дейін барлық процесс бір алаңда шоғырланған. Автоматтандыру жүйесі мен өндірісте қолданатын озық технология осы кәсіпорындарда қолданылады.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл тәжірибені Атырауда енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұнай-химия өнімдерін терең өңдеу, автоматтандыру және дайын өнімді өзімізде шығару өңірдің индустриялық дамуының жаңа бағыты болмақ.
В Атырау +1 







