Атырау, 7 желтоқсан 08:55
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Басшылық қазақша сөйлемейді, жұма намазына жібермейді»

1 178 рет қаралды
Сурет: TEXOL

Атырау вагон жасау зауыты мен TEXOL компаниясының жұмысшылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. 

Олар тіл теңдігі мен діни сенім бостандығы мәселелерін көтеріп, жұмыс орнында әділетсіздікке тап болып жүргендерін мәлімдеді.

«Басшылық қазақ тілін білмейді»

Жұмысшылардың айтуынша, зауыттағы қызметкерлердің 90%-дан астамы — Қазақстан азаматтары, негізінен қазақтар. Алайда басшылықтың басым бөлігі мемлекеттік тілді білмейді, бұл толыққанды қарым-қатынасқа кедергі келтіріп,жұмыс барысында қиындықтар туғызады.

«Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені нақты көрсетілген. Алайда зауытта бізге ана тілімізде еркін сөйлеуге мүмкіндік те жоқ», — делінген хатта.

Жұмысшылар кадрлық саясатқа назар аударуды сұрайды: олардың пікірінше, басшылық лауазымдарға мемлекеттік тілді, қажет болған жағдайда орыс тілін де еркін меңгерген адамдар тағайындалуы тиіс.

Құрбан айтпен құттықтамайды, жұма намазына жібермейді

Хатта діни сенім бостандығы мәселесі де көтерілген. Жұмысшылардың айтуынша, Құрбан айт сияқты ислам мерекелерінде әкімшілік тарапынан құттықтау да, құрбан шалу рәсімін өткізуге рұқсат та болмаған.

Сонымен қатар жұма намазына барғысы келетін қызметкерлер рұқсат ала алмайды, тәртіптік жазаға ұшырауы мүмкін.

«Жұма күні аптасына бір рет, кем дегенде бір сағатқа жұмыстан босатуды, намаз оқуға шағын, тыныш бөлме бөлуді сұраймыз. Бұл өндірістік көрсеткішке әсер етпейді, бірақ жұмысшылардың рухани көңіл-күйін көтеріп, еңбекке адалдықты нығайтады», — дейді хат авторлары.

«Әділетті Қазақстан» — жай ұран емес, үміт»

Жұмысшылар бұл хатты шағым немесе арандату ретінде қабылдамауды, бұл — өзара құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтуға шақыру екенін айтады.

«Тілге, дінге және мәдениетке деген құрмет — мемлекетке деген құрмет деген сөз. Біз құрметті Президент, Сіз жариялаған “Әділетті Қазақстан” ұстанымына сенеміз және заң шеңберінде уәкілетті органдардың араласуын сұраймыз», — деп аяқталады хат.

"АЖ" Атырау облысы еңбек инспекциясына және TEXOL компаниясының баспасөз қызметіне сауал жолдады.

TEXOL-дің жауабы (қысқартылып берілді):

"TEXOL — бас кеңсесі Атырауда  орналасқан қазақстандық компаниялар тобы, 25 жылдан астам қызмет етеді. Негізгі бағыты — теміржол тасымалдары, вагондарды жөндеу және қызмет көрсету. Топта 1500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Директорлар кеңесінің төрағасы — ҚР азаматы Шота Абхазава.

2024 жылы TEXOL құрамына кіретін Атырау вагон жасау зауыты (АВЖЗ) жұмысын бастады. Қазіргі таңда зауытта 350-ден астам адам еңбек етеді. Директоры — Борис Зиганшин, Атырау тумасы.

Ұжым көпұлтты, қызметкерлерге қолайлы тілде қарым-қатынас жүргізіледі. Барлық ресми құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Зауытта діни және ұлттық дәстүрлер — Наурыз, Көрісу Айт және басқа мерекелер — ерікті түрде атап өтіледі. Сонымен қатар, кәсіпорын үздіксіз жұмыс істейді, еңбек кестесі мен тәртіп ережелері ҚР Еңбек кодексіне сай қатаң сақталады.

...2025 жылдың 16 маусымында шағын топ жұмысшы өндірісті 9 сағатқа тоқтатып, жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасады. Олардың талаптарының қатарында орыс тілді цех басшысын жұмыстан шығарып, жалақының сақталуымен жұмыс көлемін азайту болды. Бұл талаптар негізсіз деп танылды: кейбір жұмысшылар кейін зауытқа қайтып келіп, өздерінің жаңылысқандарын мойындады.

Ұйымдастырушылардың әрекеттері ұлтаралық және діни араздықты қоздыруға бағытталған әрекет ретінде бағаланды. Жұмыс беруші сотқа және құқық қорғау органдарына жүгінді. Еңбек инспекциясы мен басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер жүргізілді, заң бұзушылықтар анықталған жоқ.

TEXOL Қазақстан Республикасының заңдарын, оның ішінде «Діни қызмет туралы» заңды сақтай отырып, тілге немесе діни сенімге қарамастан тең еңбек жағдайын қамтамасыз етеді. Компания бірлік пен тұрақтылықты насихаттап, елдегі ұлтаралық келісімді сақтауға арналған мемлекеттік саясатты қолдайды.

Айгүл МАНСУРОВА

7 шілде, 18:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.