Атырау, 7 желтоқсан 08:58
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Құлсарыдан жеткізілген құрақ көрпе рекорд кітабына енді

Сурет
385 рет қаралды

Алматыда жерлесіміз, Жылыой ауданы Құлсары қаласының 35 жастағы тумасы Айгерім Бултекова Медеу мұз айдынында 660 құрақ көрпені біріктіріп, әлемдік рекорд орнатты. «Аламан құрақ-2025» жобасы аясында жасалған туындының ерекшелігі - «Global World Book of Records» кітабына ресми енгені.

Түрлі-түсті құрақ көрпелер мұз айдынын түгел жауып жатты. Бұл қазақ халқының қолөнері, шеберлігі, ұлттық рухын бейнелейтін әсерлі композиция еді. Айгерім осы жобаға қатысқанына, үлес қосқанына дән риза. Жалпы бұл жобаға Айгерім алғаш рет қатысып отыр. Негізі Құлсарының тумасы болғанымен Айгерімнің отбасы 1997 Ақтөбе қаласына қоныс аударған. 

Айгерім тігіншілікпен бірінші балалы болып, бала күтімімен отырғанда айналыса бастаған. Сол кезде алғаш рет қолына ине алып, баласына киім, үйге қажетті перде, көрпелерді тіге бастады. Айналғанда анасынан тараған қасиетті бойыма сіңіріп, қызығушылығы күннен-күнге арта түсті. Анасы Әлия Ақтөбе қаласында танымал тігінші.  

- Менің ұстазым анам, тіккенімді үйлестіре алмасам телефон арқылы сұрап алам. Ол Ақтөбе қаласында қыз жасауының шебері. Осылайша осы кәсіпке шын ниетіммен кірістім, - дейді Айгерім. 

Айгерім тігіншілікті өзінің ғана үйренгенін місе тұтпай, басқа да қыз-келіншектерге онлайн түрде үйрете бастайды. Осы талмас ізденісінің арқасында өзінің тігін цехын ашуды ұйғарады. Осылайша 2018 жылы «Нұркенқызы Ай» деген тігін цехын ашты. Қазір қарамағында 12 тігінші бар, оның ішінде мемлекет бағдарламасына қатысушылар және мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Аудандық жұмыспен қамту орталығы цехтағы қызметкерлерге ай сайын еңбекақы бөліп отыр, бөлінген еңбекақының үстіне үстеме ақшаны Айгерім өзі төлейді. 

Цех жұмысын одан әрі дамыту үшін ол «Таңдау» жобасымен үкіметтен үстеме ақысыз 4,5 млн теңге несие алған. Түрлі станоктар, іс машиналарын сатып алған. Көрпелерді мақтасы мен жүнін түтіп, сұранысқа орай киім тігуді қолға алған. Мектеп формасы, ұлттық нақыштағы шапандар мен киімдер осы тігін цехы шеберлерінің қолынан шығады.

Айгерім Бултекова - дәстүрдің жаңа формада өмір сүріп, шабыттандырып, жұмыс орындарын ашып, тіпті әлемдік рекорд орнатуға да болатынын көрсетті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

8 шілде, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.