
Ресейдегі ең ірі мұнай құбыры компаниясы «Транснефтьтің» вице-президенті Андрей Бадалов Мәскеудегі Рублёвкада орналасқан үйдің 17-қабатынан құлап, көз жұмды.
Бұл туралы алғаш болып Baza және Mash Telegram-арналары хабарлап, кейін ақпаратты ТАСС агенттігі растады, деп хабарлайды Евронью́с.
Айта кетейік, Бадалов өзі 10-қабатта тұрған.
ТАСС-тың құқық қорғау органдарындағы дереккөздері оның өліміне қатысты алдын ала себеп – суицид болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда, тергеу комитеті нақты шешім қабылдау үшін тексеріс жүргізіп жатыр: бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалуы немесе керісінше – дәлел жетіспегендіктен іс тоқтатылуы мүмкін.
62 жастағы Андрей Бадалов Мәскеу инженерлік-физика институтын (МИФИ) бітірген. Ол ұзақ жылдар бойы қорғаныс-өнеркәсіп саласында жұмыс істеген. 2019 жылы ол ФГАУ «Восход» ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалып, мемлекеттік автоматтандырылған жүйелерді – ГАС «Выборы», ГАС «Правосудие» және Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерін дамытуға жауапты болды.
2021 жылдан бастап Бадалов «Транснефть» вице-президенті қызметін атқарып, цифрлық трансформация, ақпараттық технологиялар және өндірістік-шаруашылық қызметті автоматтандыру бағыттарына жетекшілік етті.
Соңғы жылдары Ресейдегі ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен топ-менеджерлерінің күмәнді жағдайда қаза табуы жиілеп кетті.
Мысалы:
-
2022 жылғы сәуірде Мәскеуде «Газпромбанктың» бұрынғы вице-президенті Владислав Аваев әйелі мен кішкентай қызын өлтіріп, өзіне қол жұмсаған деген болжам айтылды.
-
Бірнеше күннен кейін Испанияда «Новатэк» компаниясының бұрынғы топ-менеджері Сергей Протосеня әйелі мен қызын өлтіріп, кейін өзі суицид жасаған деген ақпарат тарады.
-
2022 жылғы қыркүйекте «Лукойл» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Равиль Маганов көз жұмды. Ресми мәліметте ол ауыр науқастан қайтыс болды десе, кейбір ақпарат құралдары оның Мәскеудегі ауруханада өзіне қол жұмсағанын жазды.
Анықтама: «Транснефть» — Ресейдің мемлекеттік бақылауындағы мұнай құбыры компаниясы. Ол 68 мың шақырымнан астам магистралды мұнай және мұнай өнімдері құбырларына иелік етеді, 500-ден астам айдау станциясы мен 24 миллион текше метрден астам резервуар сыйымдылығы бар. Компания Ресейде өндірілетін мұнайдың 83 пайызын және мұнай өнімдерінің 30 пайызын тасымалдайды. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.
В Атырау +4