Атырау, 7 желтоқсан 08:55
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Министр халықпен жүздеспей, жиындармен​ шектелді

645 рет қаралды
Сурет: Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

3 шілде күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.

Министрдің бұл сапары жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділерінің наразылығын туғызды. Белсенділер, журналистер мен қарапайым атыраулықтар министрмен ашық кездесу өтеді деп күткен еді, алайда ол болмады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, министр алдымен Мақат ауданына барып, бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралаған. Одан кейін Атырау қаласына келіп, бірнеше медициналық мекемені қарап шығып, Атырау облысы әкімдігінде шенеуніктер мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен өткен кеңеске қатысқан.

Мұндай формат көпшілікті қынжылтты. Өңір тұрғындары министрмен бетпе-бет сөйлесіп, дәрігерлердің жетіспеуі, емханалардағы ұзын-сонар кезек, ескірген құрал-жабдықтар, аудандық ауруханалардағы қиындықтар туралы өздерін толғандырған сұрақтарды қоямыз күткен еді.

— Біз осы кездесуді күткенбіз. Қаншама сұрағымыз бар — кезектер, бейінді мамандардың жетіспеуі, ескі жабдықтар жайлы. Не өзгеретіні туралы нақты жауап естігіміз келді, — дейді Атырау тұрғынының бірі.

Министрдің мұндай «үнсіздігі» азаматтық сектор өкілдерінің де түсініспеушілігін тудырды. Белсенділер мен журналистер де ашық диалог болып, маңызды сұрақтарды тікелей қоя аламыз деп үміттенген.

Сынға жауап ретінде Ақмарал Әлназарова былай деді:

— Біз тұрғындармен ауданда кездестік. Атырау облысы әкімдігімен бекітілген арнайы жұмыс кестесі бар. Онда аудандық ауруханалардың жағдайымен танысу және жергілікті халықпен кездесулер қарастырылған. Мен бұл кездесуді өткіздім, — деді министр.

Алайда әлеуметтік желілерде министрдің сапары әлі де қызу талқылануда. Көпшілік Атырау қаласында бейресми ашық кездесу өтеді деп күткен, себебі денсаулық сақтау жүйесіне қатысты сұрақтар өте көп жиналған.

Сондай-ақ, әкімдікте өткен кеңеске журналистер кіргізілмеді. Бұған «ана мен бала денсаулығына қатысты құпия ақпараттың талқылануы» себеп ретінде көрсетілді.

Айгүл МАНСУРОВА

4 шілде, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.