
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында Исатай ауданындағы Хамит Ерғалиев ауылының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында ең өзекті мәселе ретінде «Атырау-Астрахань» автожолының бойындағы жаңадан салынған көпірдің ауыл ішін екіге бөліп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырғаны көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, ауыл ортасынан өтетін күре жолда жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өткелдің болмауы – балалар, қарттар және жалпы халық үшін үлкен қатер төндіріп отыр.
Аталған мәселеге байланысты «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілдері мен жол құрылысын жүзеге асырған «Todini» компаниясының мамандары да қатысып, халықтың талап-тілегін тыңдады.
Кездесу барысында «Todini» компаниясының бұған дейін ауылға туннель салып береміз деген уәдесін әлі күнге орындамағаны үшін тұрғындар наразылығын білдірді. Бұл жағдай жергілікті халық арасында сенімсіздік туғызған.
- Жаяу жүргіншілерге арналған туннель немесе аспалы өткел салу, жол белгілері мен қауіпсіздік инфрақұрылымын орнату, сондай-ақ мердігер компаниялардың уәделерін нақты мерзімде орындауын қадағалау – бұл тек жергілікті емес, республикалық деңгейдегі маңызды мәселе. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылады. Қоғам тарапынан қойылған орынды талаптар назардан тыс қалмайды. Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелердің бәрі тиісті министрліктер мен мекемелерге жолданып, нақты бақылауға алынады, – деп атап өтті Серік Ерубаев.
Депутат ауыл тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымына ризашылығын білдіріп, халықтың ұсыныстары мен шағымдары өз жұмысында ескерілетінін жеткізді. Сапар аясындағы келесі кездесу Құрманғазы ауданында жалғасады.
В Атырау +4