
Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады.
Инспекция басшысы Р. Дәулетовтің айтуынша, жерүсті бақылау мен дрон арқылы жүргізілген шолулар кезінде жануарлар өлімі тіркелмеген. Қызыл кітапқа енген сирек түрлер де, әдеттегі тіршілік иелері де зардап шекпеген. Өсімдіктерге де зиян келмегені айтылды.
Алайда бұл қорытындыға күмәнмен қараушылар бар. Себебі маусым айының ортасы — осы өңірдегі экожүйе үшін ең шешуші кезең.
Жаз мезгілінде саға – құстар мен жануарлар үшін аса маңызды қоректену әрі ұя салу орнына айналады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл аумаққа жыл сайын үш миллионға жуық құс аялдайды. Олардың қатарында қоқиқаз, бұйра бірқазан, өгіз шағала және көкмаңдай сияқты сирек түрлер де бар. Маусым айында суда жүзетін жерлерде балапан басып шығаратын құстар саны ерекше көп болады.
Құстардан бөлек, резерватта сүтқоректілер де мекендейді – олардың қатарында құндыз, сусар, түлкі, жанаттәрізді ит пен қабандар бар. Айта кетсек, өрт кезінде инспекторлар оттан үркіп, үйірінен адасып қалған қабан торайын тауып алған. Ол кейін қауіпсіздеу аймаққа өтіп, өз үйірін тауып алған болар деген үміт бар.
Инспекция мәліметінше, өрт Каспий теңізі шегінген аймақта қаптап өскен қураған қамыстарды шарпыған. Соңғы жылдары су деңгейі шамамен 40 шақырымға тартылып, сол жерлерде қамыс ала-құла болып өскен. Мамандардың айтуынша, бұл аумақ құнды тіршілік ортасы болып саналмайды — мұнда не су, не қорек, не паналайтын жер жоқ.
Дегенмен, резерватта болған жағдайға байланысты қызметтік тергеу жүргізілмек. Оның нәтижесінде экологиялық залалдың нақты бағасы анықталып, заң аясында тиісті шаралар қабылданбақ.
Айта кетейік, бұл аймақта өрт бұрын да болып келеді. Әр жолы жануарлар мен құстар көзге түспейтін кезеңде дрондар мен шолу арқылы жасалған тексерулердің қаншалықты толық әрі дәл қорытынды берері белгісіз күйінде қалып отыр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +1