
4 шілдеде Атыраудағы «Талшын» инклюзивті театры сахнасында Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы негізінде қойылған спектакльдің премьерасы өтеді.
Спектакльдің басты кейіпкері – Қамажай есімді әйел, ол өз өмірінен бас тартып, бауырларының тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған. Бұл қойылым – үнсіз жанқиярлық пен әйел махаббаты туралы сыр.
Басты рөлді волонтёр, блогер, су тасқыны кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Әлия Досмұханова сомдайды. Ол алғаш рет театр сахнасына шығып отыр. Әлия – мүмкіндігі шектеулі жан, алайда репетиция күндерін өзі үшін жаңа сынақ деп бағалап отыр:
«Мен кәсіби актриса емеспін, бірақ сахнаға жүрекпен шықсаң – көрермен соны сезеді деп сенемін», – дейді ол.
«Талшын» – ерекше жандардың шығармашылығын қолдайтын бірегей театр. Бұл жобаға «Теңізшевройл» компаниясы қолдау көрсетеді.
Қойылым бірнеше эпизодтан тұрады: кейіпкердің балалық шағы, жастық кезеңі, отбасылық күресі мен рухани мұрасы баяндалады. Кеш соңында спектакльдің прототипіне тиесілі жеке заттар музейге табысталады.
«Әпке» премьерасы көрерменге отбасы, мейірім және рух күші туралы терең ой салады.
В Атырау +1