
Атырауда қазақтың тұңғыш бард ақыны әрі сыршыл сазгер Табылды Досымовтың 60 жылдығы кең ауқымда аталып өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Болмысы бөлек тау тұлға» деген атпен ұйымдастырылған мәдени шараға ақынның жұбайы Қарлығаш Ибатова мен қызы Ақбаян Досымова қатысты.
Қарлығаш Ибатова Табылды Досымовты өнер мен өмірде ерекше жан ретінде сипаттап, оның шыншыл, әділ және таза жүрек иесі болғанын атап өтті.
«Әрбір әні – жүректен шыққан туынды. Поэзия мен әуенді тамаша үйлестіріп, қазақтың ішкі жан дүниесін сөз етті. Оның шығармаларында шынайылық пен табиғилық, терең философия қатар жүреді. Сондықтан халық оны бард ақын ретінде ерекше құрметтейді», – деді ол.
Іс-шара алты бөлімнен құралды: «Бала Табылды», «Студент Табылды», «Табылды және отбасы», «Бард Табылды», «Қыр баласы қол созады аспанға...» және «Табылды мұрасы». Олардың әрқайсысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтер көрсетіліп, баяндамалар оқылды.
Шара соңында Қарлығаш Ибатова ақынның өмірінде қолданған заттарын музей қорына тапсырды.
В Атырау +1 







