Атырау, 5 желтоқсан 08:20
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Баку Мәскеуді жағдайды ушықтырмауға шақырды

447 рет қаралды

Баку Мәскеуге жағдайды қолдан ушықтыратын әрекеттер мен мәлімдемелерден бас тартуға кеңес берді. Бұл туралы АА хабарлайды.

Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан айтылған, елге келген ресейлік туристер мен олардың туыстарына жергілікті полиция тарапынан қысым көрсетілді деген мәлімдемелерді негізсіз деп атады. Сонымен қатар, Баку Ресей азаматтарына консулдық көмек беруден бас тартты деген айыптауларды да жоққа шығарды.

Министрлік өкілі Айхан Гаджизаде мәлімдегендей, Ресей азаматтары мен «Sputnik-Әзірбайжан» медиа ұйымының қызметкерлеріне қатысты ресми ұстаным бұған дейін жария түрде айтылған. Оның сөзінше, Ресей тарапынан 30 маусым мен 1 шілдеде жолданған өтініштер тиісті органдарға бірден жіберілген. Қамауға алынған азаматтар туралы ақпарат та Ресейге Консулдық конвенция талаптарына сәйкес берілген.

Гаджизаде Әзірбайжан да Ресейдегі түрмелерде отырған өз азаматтарына консулдық кездесу ұйымдастыруға тырысқанымен, ресейлік тараптың жауабы көбіне бірнеше апта кешігіп келетінін айтты. Бірақ бұл мәселені Баку ешқашан жария етпегенін де еске салды.

«Осыған байланысты біз Ресейден жағдайды қолдан ушықтыратын әрекеттер мен мәлімдемелерден бас тартуды сұраймыз», — деді ол.

Бұған дейін Ресей СІМ өкілі Мария Захарова Бакудің ресейлік журналистер мен азаматтарға консулдық қолжетімділік бермей отырғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, РФ елшілігінің консулдық бөлімі бірнеше рет ресми сұраныс жолдағанымен, әзірге жауап жоқ.

Ресей мен Әзірбайжан арасындағы шиеленіс Екатеринбургте екі әзірбайжан азаматы қауіпсіздік күштерінің операциясы кезінде көз жұмғаннан кейін басталды. Осыдан соң 28 маусымда РФ-ның Бакудегі елшілігінің уақытша сенімді өкілі Әзірбайжан СІМ-не шақырылып, наразылық нотасы тапсырылды.

29 маусымда Әзірбайжан Мәдениет министрлігі Ресеймен бірлесіп өткізілетін мәдени іс-шараларды тоқтатты. Сондай-ақ, Әзірбайжан Парламенті Ресеймен ынтымақтастық жөніндегі отырысқа қатысудан бас тартты.

30 маусымда Кремль өкілі Дмитрий Песков Екатеринбургтегі оқиғалар тек ішкі құқық қорғау органдарының жұмысы екенін айтып, саяси шиеленіске себеп болмауы керек деді.

Ал 1 шілдеде Бакуде «Sputnik-Әзірбайжан» кеңсесінде рейд жүргізіліп, жеті қызметкер ұсталды. Сол күні ресейлік азаматтардан тұратын екі қылмыстық топ жойылғаны туралы да ақпарат тарады.

Кейін Ресейдегі Әзірбайжан елшісі РФ СІМ-не шақырылып, ресейлік журналистерді босатуды талап еткен нота табысталды.

Бакудің айтуынша, бұл әрекеттер екі ел арасындағы достық рухына қайшы келеді.

2 шілде күні Әзірбайжан Бас прокуратурасы Екатеринбургтегі оқиғаға қатысты шындықты анықтауға дайын екенін мәлімдеді.

3 шілде, 13:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.