
Құрманғазы ауданы Мақаш округінде (Алға ауылы) 2700 халық тұрса, оның 60 пайызы қамыс дайындаумен айналысады. Солардың бірі - Болатбек ҚҰСПАНОВ.
55 жастағы Болатбек осы ауылдың тумасы, отбасылы, мамандығы мұнайшы. Ауылда жұмыс көзі тапшы болғандықтан бастапқы кезде өз кәсібімен ауылдан жырақтау жерлерде еңбек еткен, бара-бара жолдың шалғайлығы қиындық туғызыпты. Уақытша ауылдағы мекеменің бірінде оператор қызметін атқарып, соңғы жылдары қамыс дайындау кәсібімен айналыса бастаған. Қалауын тапса қамыс та кәсіп, отбасын асырауға мүмкіндік мол. Шарон өзені бойындағы орманды алқапта қамыс қаулап өседі. Ал қамыс шабу жұмысы қыстың қақаған айларында атқарылады екен.
- Бұрын қамысты 3-4 км жерден шауып әкелетінбіз, енді ол 10-15 км жерге қашықтап кетті. Өйткені жыл санап су тартылып барады, әрі қамыс өрті жиі болып тұрады екен. Қамысты ертеректе қол орақпен шабатынбыз, бүгінде трактор шалғысы арқылы іске асады. Ауылдағы адамдардың көбі осы кәсіппе айналысуда, жүз шақты адам болар. Техникасы барлар өздері шығады, жоқтары бірігіп жалдап алады, - дейді Болатбек.
Қыс бойы үйіп жинаған қамысты байлап, плита жасау күн жылына басталады. Өйткені қамысқа сұраныс өте көп екен. Аула-қора жасауға, көбіне үй төбесінің жабындысына пайдаланады. Қамыстан жасалған плиталар арзан, мықты, әрі төзімді болады. Қамыстан ши да тоқиды.

Қамыстан ши тоқып, плита жасау — толықтай қол еңбегін қажет ететін жұмыс. Болатбекке бұл істе қолы босаған кезде жұбайы Гүлшара мен ұлы Қанат көмектеседі. Гүлшара — кітапханашы, алайда жұмыстан тыс уақытта отбасы кәсібіне белсене араласады. Бір қамыс плитасын жасауға шамамен он минут кетеді. Бұрын оларды сыммен бекітсе, бүгінде шпагат қолданылады — ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жаз бойы отбасы ұзындығы 2,8 метр, ені 60 сантиметр болатын 4–5 мың дана қамыс плитасын дайындайды.
- Біз ел аралап сатпаймыз, ортада делдалдар бар, солар көтеріп алып әкетеді. Одан кейін оны қаншаға сатады өздері біледі, біз белгіленген ақшамызды алсақ болды. Мұның өзі көп жеңілдік. Күзге дейін сатылып бітеді, бұл құрылыс материалына сұраныс соңғы кезде артпаса кеміп тұрған жоқ. Өйткені құрылыс матиралдары өте қымбат болып тұр ғой, бағада бағыт қалмады, - дейді ол.
Болатбек мал бағып өсірумен де айналысады. Өткен жылы «Ауыл аманатынан» кәсіпкерлік бағыттағы жұмысына байланысты қаржы сұраған екен, бірақ жауап жоқ көрінеді.
Үкіметке иек артпай өз күндерін көріп отырған Болатбек сияқтылар бұл ауылда өте көп. Ерінбеген жан үшін іс көзін тауып отырғандарға еріксіз сүйсінесің.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +1