
27 маусым күні таңертең әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Абай орталығында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің қатысуымен азаматтарды қабылдау өтеді деген жалған ақпарат тарады.
Бұл хабар тез тарап, орталық ғимаратқа ондаған адам жинала бастады.
Алайда, кейін белгілі болғандай, сол күні ешқандай кездесу жоспарланбаған екен. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, әкім шынында да тұрғындармен кездескен, бірақ ол іс-шара бір күн бұрын — 26 маусымда өткен.
- Кеше Шәкір Кейкин қала тұрғындарымен ашық кездесу өткізді. Жиында қалалық мәслихат депутаттары, әкім орынбасарлары, облыстық денсаулық сақтау, полиция және қалалық қызметтердің өкілдері, сондай-ақ ауыл округтері әкімдері болды, — деп хабарлады әкімдік.
Халықтың орталық ғимарат маңына жиналғанын білген әкім орынбасарлары дереу сол жерге барды. Олар тұрғындардың өтініштерін тыңдап, арыздарын қабылдап, жеке қабылдауға жазды.
Сондай-ақ оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Кейбір қала тұрғындары жалған ақпаратқа байланысты тағы да зардап шеккендерін айтып, наразылық білдірді.
Әкімдік жалған ақпарат таратқандарды анықтап, жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +1