Атырау, 7 желтоқсан 12:01
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Ақтөбе-Лаэти қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады

699 рет қаралды
Видеодан скриншот

Атырау облысындағы XIII–XV ғасырларға тән Ақтөбе-Лаэти қалашығы алдағы уақытта ашық аспан астындағы тарихи-мәдени мұражайға айналмақ. 

Бұл шаһар Атырау қаласынан шығысқа қарай екі шақырым жерде, Томарлы ауылында орналасқан. Былтыр 53 гектар жер облыс әкімдігінің қолдауымен толықтай қоршалып, музей ретінде құрылыс жұмыстарының ғылыми-жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, бюджетке өтінім берілді.

Бұл туралы Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев мәлімдеді. Қалашықты музейге айналдыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. 

Алғашқы кезеңде кіреберіс жерге әкімшілік ғимарат салынып, 2018-2019 жылдардағы қазба жұмыстары кезінде табылған ескі қалаға ғылыми-реставрация жүргізіліп, үстіне жабынды қойылады. Сонымен қатар абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл жерде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі, Татарстан Республикасының Халиков атындағы Археология институты және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп халықаралық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілмек.

Биыл облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары 500 шаршы метр аумақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Қазба жұмыстары 10 маусымда басталып, қазір он шақты адам жұмыс істеп жатыр. Ақтөбе-Лаэти қалашығы — Алтын Орда дәуіріне тән қала. Мұнда қолөнер бұйымдары, қару-жарақтар, қыш және керамикалық ыдыстар жасалған, оған дәлел ретінде табылған шеберханалар бар. Қалашықтың тарихына байланысты ғалымдар арасында түрлі болжамдар айтылып жүр. Кейбіреулер тұрғындардың су тасқыны салдарынан көшкенін алға тарса, енді бірі жорық салдарынан деген пікір айтады.

Қазіргі археологиялық зерттеулер нәтижесінде күйдірілген кірпіштен қаланған пештің орны, бірнеше бөлме мен олардың ішінде шаруашылық мақсаттағы орындар анықталды. Сол жерден биіктігі шамамен бір метрлік үлкен хум ыдыстар табылып, олардың ішінде азық-түлік сақталғаны белгілі болды. Зерттеушілердің айтуынша, бір хум ыдыстан балық қалдықтары шыққан. Сонымен қатар, қазба барысында мыстан жасалған тиындар мен қола бұйымдар да табылды. Ерекше олжа ретінде ортағасырлық қалаларда бүтін күйінде сирек кездесетін «тағара» атты керамикалық ыдыс анықталып отыр. Бұл жәдігер археологиялық тұрғыдан аса құнды әрі ғылыми маңызы зор артефакт болып саналады.

Видеодан скриншот


27 маусым, 13:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.