
Атырау табиғи резерватындағы өрт сөндірілсе де, оның зардаптары әлі де талқыланып жатыр, әсіресе балалардың денсаулығына қатысты.
Қала бірнеше күн бойы өртенген қамыстың қою түтінімен тұмшаланып тұрды, бұл әсер етпей қалмады. Көп ата-ана балалардың жөтелі күшейіп, дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері жиілегенін айтты. Сол уақытта облыстық балалар ауруханасына бару қиын болды – дәліздерде ұзын-сонар кезек пайда болып, дәрігерлердің жұмысы көбейді.
– Қала түтінге тұнгығып тұрған кезде немерем ауырып қалды, – дейді Атырау тұрғыны Ләззат. – Дене қызуы көтеріліп, жөтел басталды, сарауруы болғандықтан асқынып кетті. Дәрігерге әзер жеттік, бірнеше сағат кезекте тұрдық. Сарауруы бар балаға күн сәулесі керек, ал ауада тек күйген иіс болды. Ауруханада адам көп, орын жетпейді, бәрі кешігумен жасалып жатыр.
Әлеуметтік желілерде лық толған аурухананың видеолары тарады. Тұрғындар мамандар жетіспейді және ұзақ күтуге тура келеді деп шағымданды. Қала тұрғындарының бірі былай дейді:
- Біз болып жатқан жағдайға көз жұма алмаймыз. Кезек күту, мамандардың жетіспеушілігі, қолайсыз жағдайлар — бұлардың бәрі балалардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Жүйе өзгеруі керек, әйтпесе келесі төтенше жағдайда бұл жағдай қайталанады.
Сынға жауап ретінде облыстық балалар ауруханасы ресми статистиканы ұсынды: «2025 жылдың 11-25 маусымы аралығында Атырау облыстық балалар ауруханасына 1892 бала қаралды. Олардың 393-і стационарға жатқызылды, 1495 бала амбулаториялық көмек алды. Қабылдаулар саны маусымдық өзгерістерге сай келеді және бақылауға алынған. Аурухана штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Пациенттер ағымының көбеюіне байланысты күту уақыты шынында ұзарып кетті, бірақ біздің мамандар әр балаға көмек беру үшін бар күшін салуда».
...Қала үстіндегі түтін сейілгенімен, балалар денсаулығын қорғау жүйесіне қатысты мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Ата-аналар экология мен медицина тығыз байланысты екенін айтады. Егер осындай жағдай қайталанса, жүйе бірінші кезекте балалардың денсаулығын қорғау үшін дайын болуы керек.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +1