
Еркінқала ауылындағы су жаңа №37 "Болашақ" бөбекжай балабақшасы пайдалануға берілгеніне бес жыл болғанына қарамастан күрделі жөндеуге тұрғызылатын болды. Алайда құны 698 млн теңге болатын 290 балалық балабақша алғашқы күннен-ақ жөндеуден көз ашпапты.
Өткен жылы 16 млн теңгеге жарылған қабырғалар жөнделген. Бірақ биыл балабақшаның келесі бөлігінде жарықтар пайда болып, күн өткен сайын ашыла түскен. Едені төмен түсіп, қабырғалар қақырай бастаған ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіліп, қорытындысында күрделі жөндеу жүрмейінше бала қабылдау мүмкін емес деген шешім шығарған.
- 1 маусымнан бастап балабақша жабылды. Балалар жақын маңдағы балабақшаға орналастырылса, ал қызметкерлердің дені еңбек демалысына шықты. Алға қарай да оларды жұмыссыз қалдырмауға жұмыстанамыз, егер одан бас тартса 50 пайыз еңбекақысы төленеді,-дейді балабақша директоры Гүлбану ҚОНАЕВА.
Бірақ балаларын басқа орынға апару ата-аналарға оңай тимеуде. 2019 жылы осы балабақшаны қабылдап алған облыстық құрылыс басқармасы кезінде ешқандай ақау болмағанын айтады. Балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаты жасақталуда.
Айта кету керек, Индер ауданында 2016 жылы 558 млн теңгеге салынған "Айналайын" (190 орындық) типтік балабақшасы да осы кепті киген болатын. Оларда еден төмен түсіп, қабырғалар жарылған. Бүгінде балабақша жабылып, онда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ал Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылындағы 2016 жылы 605 млн теңгеге сапасыз салынған "Балдәурен" балабақшасы бұзылатын болып шешім шығарылды.
Кейбір нысандардың "кепілдігі" лента қиғанға дейін ғана жарамды секілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +1