
Бұрын хабарланғандай, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айының соңында — шамамен 25-інен 30-на дейін басталады деп жоспарланған болатын, алайда қазір маусым айының соңына жеткенімен, болашақ спорт нысанының аумағында әлі де ешқандай құрылыс жүріп жатқан жоқ.
Жоба 12 мың көрерменге арналған және халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Батыс трибунада VIP аймағы, БАҚ қызметкерлеріне арналған бөлмелер және футболшылар мен ресми тұлғаларға бөлек есік қарастырылған. Шығыс бөлігі жаттығу базасы мен командаға арналған демалыс аймақтарына бөлінеді.
Құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) әлі де келісу сатысында екенін түсіндірді: «Атырау қаласында 12 000 көрерменге арналған жаңа стадион салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжат мемлекеттік сараптамаға жолданды», – деп мәлімдеді Атырау облыстық спорт басқармасы.
Ал жанкүйерлер арасында наразылық артып келеді – жаңа стадион салу туралы уәделер бірнеше жылдан бері айтылып келеді, алайда футбол командасы әлі күнге дейін заманауи талаптарға сай келмейтін ескі стадионда ойнауға мәжбүр.
– Жыл сайын жаңа стадион туралы естіп келеміз, бірақ сөзден әрі аспай келеді. Команда заман талабына сай келмейтін ескі аренада ойнап жүр. Бұл жолы құрылыс нақты басталса екен дейміз. Қала да, клуб та соған лайық, – дейді атыраулық тұрғын Бекжан Ахметов.
Жоспар бойынша құрылысқа шетелдік мердігерлер қатысуы тиіс, ал кейбір жұмыстар жергілікті компанияларға тапсырылады. Алайда, құрылыстың басталу мерзімі әлі жарияланған жоқ. Кешігу жобаның кестесіне және ашылу күніне қалай әсер ететіні де белгісіз.
Стадион салу мәселесі тек жанкүйерлер үшін ғана емес, өңірдің спорт инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан да өзекті болып отыр.
Айта кетейік, «Мұнайшы» стадионы жақында Қазақстандағы газон сапасы мен инфрақұрылымы жағынан ең нашар стадион деп танылған болатын.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +1