Атырау, 7 желтоқсан 12:03
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Марқұм оқушының туыстары істі қайта тергеуді сұрап, президентке жүгінді

652 рет қаралды

2024 жылдың тамызында қаза тапқан оқушы Сана Мерланның отбасы мен заңгер Инга Иманбай Қазақстан Президентіне және Балалар құқықтары жөніндегі уәкілге ресми өтініш жолдады. Олар тоқтатылған қылмыстық істі қайта қозғауды талап етуде.

Олардың айтуынша, іс материалдарында марқұм баланың қатарластары тарапынан жасалған қасақана әрекеттердің тікелей дәлелдері бар. Алайда полиция бұл істі «қылмыстық құрам болмағандықтан» жауып тастаған.

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 22 тамызында Атырау облысы Ақжар ауылында орын алды. №26 мектептің 7-сынып оқушысы, 13 жастағы Сана Мерлан Жайық өзенінде суға батып кеткен. Тергеу бастапқыда бұл істі абайсызда өлімге әкеп соғу бабы бойынша қозғағанымен, кейіннен тоқтатылған.

Заңгердің айтуынша, оқиға орнында болған жасөспірімдердің бейнежазбалары мен хат алмасулары бар. Жазбада балалардың бірінің Сана Мерланды кімнің итеріп жібергенін талқылап жатқаны естіледі. Ал хабарламаларда қатысушылардың бірі кінәсін мойындаған. Сондай-ақ бір баланың ата-анасы да болған жағдайды білгенін мойындаған, бірақ полицияға хабар бермеген. «Олар кешірім сұрап келіп: “Ол оны әдейі өлтірген жоқ қой”, — деді», — делінген үндеуде.

«Біз тергеушілердің әрекеті заңға қайшы деп есептейміз. Қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) немесе 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша қайта қарауды сұраймыз», — дейді Инга Иманбай.

Сондай-ақ өтініште қылмыс туралы біле тұра жасырып қалған ата-аналардың, сондай-ақ Мерлан оқыған мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі туралы мәселе көтеріледі. Жақындары тергеу барысы туралы ашық ақпарат берілуін және істің жұртшылықтан жасырылмауын талап етуде.

Атырау облыстық полиция департаменті бұған дейін Мерланның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу қылмыстық құрам болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлаған еді. Қазіргі таңда отбасы тергеудің қайта басталуын және оқиғаға толық құқықтық баға беруді талап етуде.

Еске сала кетейік, 24 тамыз күні құтқарушылар 2010 жылы туған жасөспірімнің денесін оқиға орнынан 12 шақырым жерден тапқан болатын.

26 маусым, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.