
Атырау облысында үш ауысымды оқытуды жою және білім сапасын арттыру мақсатында алты «Келешек мектебінің» құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар елімізде жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында іске асуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 2023–2025 жылдары облыста жалпы сыйымдылығы 7 800 оқушыға арналған 9 мектеп салу жоспарланған. Оның үшеуі 2024 жылы пайдалануға берілді. Солардың бірі – Атырау қаласындағы №50 мектеп. 1 200 орындық бұл білім ордасында өткен оқу жылында 1 170 оқушы білім алып, бүгінде мектеп жанында балаларға арналған жазғы лагерь жұмыс істеп тұр.
Қазіргі таңда 5 100 орынға арналған алты мектептің құрылысы жалғасуда.
Олар Атырау қаласындағы Ақсай-2, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 шағын аудандарында, Құлсары қаласында және Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында салынуда.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Ережеп Абылайдың айтуынша, бұл мектептер заманауи талаптарға сай салынып, жаңа технологиялармен жабдықталады.
Онда зертханалар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, инклюзивті білім беруге арналған арнайы сыныптар мен спорт залдары қарастырылған. Сонымен қатар барлық мектептер бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылмақ.
Аталған жобалар еліміздегі білім беру саласын жетілдіруге, балалардың сапалы және қолжетімді білім алуына бағытталған.
В Атырау +1 




