Атырау, 7 желтоқсан 12:03
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Одна на всех»:​ Ұмытылмас ерліктер естелігі

476 рет қаралды

Атырауда «Одна на всех» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жинақта бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысынан Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанған жандардың тағдыры мен шынайы естеліктері жинақталған. Кітап авторлары – әр жылдары ардагерлердің, лагерь тұтқындарының, соғыс балаларының естеліктерін жазып алған журналистер. Олар бұл естеліктерді куәгерлер көзі тірісінде жинап, сол кезеңнің шынайы тарихын сақтап қалған.

Кітаптың атауы – Булат Окуджава әнінен алынған жол ғана емес, бұл жинақтың мағынасын да ашып тұр. Өйткені мұнда соғысқа қатысқандардың өмірі, сезімі, хаттары мен шынайы дауыстары жазылған. Бұл – баршамызға ортақ естелік.

"Бұл кітап – тарихи жадымызды сақтау жолындағы шағын үлесіміз, – деді жобаның бастамашысы, «Былина» этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблёв. – Барлық есімді қамту мүмкін болмады. Алайда әрбір оқиға — терезедегі әлі сөнбеген оттай, жарық шашып тұр".

Кітаптың негізгі құрастырушысы – журналист әрі өлкетанушы Лев Гузиков. Оның айтуынша, жинақтың негізіне ескі газет беттеріндегі жарияланымдармен қатар, ұмыт қалған жандар туралы деректер де енген. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін іздестіру топтары тауып жатқан тарихи деректер де қосылған.

Тұсаукесер 24 маусымда өтті — бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы күні 80 жыл бұрын Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңіс парады өткен болатын. Бұл күн — майданда қаза тапқан батырларға деген терең құрмет пен олардың шынайы ерліктерін сақтап қалуға деген ниеттің көрінісі.

Кітаптың бір данасы «Ақ Жайық» газетінің редакциясына сыйға тартылды. Жинақ дүкендерде сатылмайды, себебі таралымы аз. Дегенмен оны «Былина» кітапханасында оқуға болады. Мүмкін, осы кітаптан таныс есімді кездестірерсіз. Ал, бәлкім, бір оқиғаға аялдап, сол Жеңістің оларға қаншалықты қымбатқа түскенін, біздің оны ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ екенін сезінерсіз...

«Одна на всех» — бұл естелікті ұмытпау үшін жазылған кітап және оны ұмытпауға міндетті жандарға арналған аманат.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

«Былина» этномәдени бірлестігі ұсынған суреттер

25 маусым, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.