
Арменияның Тергеу комитеті оппозициялық «Қасиетті күрес» қозғалысының көшбасшысы архиепископ Баграт Галстанян мен оның серіктері теракт ұйымдастыруға дайындалып, билікті басып алмақ болды деп мәлімдеді. Бұл туралы Коммерсантъ хабарлайды.
Елдің Премьер-министрі Никол Пашинян құқық қорғау органдары елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған «қылмыстық олигархиялық дінбасылардың» ауқымды әрі қауіпті жоспарын әшкерелегенін айтты.
Тергеу комитетінің дерегінше, архиепископ Галстанян билік ауысуын Конституцияға қайшы жолмен жүзеге асыруды көздеген. Ол теракт жасауға қажетті құралдарды дайындап, билікті күшпен тартып алуға жоспар құрған.
Галстанянның 13 серігінің аты-жөні жария етілмеген, тек инициалдары көрсетілген. Тергеу нұсқасына сәйкес, олармен бірге қылмыстық топтың өзге мүшелері 200–250 арнайы «соққы беру топтарын» құрмақ болған. Әр топта әскери дайындықтан өткен 25 адамға дейін қамтылған. Олардың көбі – бұрынғы әскери қызметшілер мен милиция өкілдері. Бұл топтар 24–36 сағат ішінде елді мекендерде бақылаусыз жағдай туғызуы тиіс болған.
2025 жылдың қаңтарынан бастап 1000-нан астам адам осы топтарға тартылған. Тергеушілердің айтуынша, олар көлік қозғалысын тоқтату үшін жолдағы бағдаршамдар, электр және интернет жүйелері орналасқан нүктелер туралы мәлімет жинап, оларды істен шығару үшін мыңдаған тұтандырғыш құрылғылар мен көлік дөңгелектерін тесетін металл «жұлдызшалар» сатып алған.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, алайда нақты қай бап бойынша екені әзірге белгісіз.
В Атырау +4