
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің бұрынғы қызметкері Бауыржан Қартан өзін заңсыз жұмыстан шығарғанын айтып, жұмыс берушісін сотқа берді. Оның сөзінше, өзі жұмыс істеген мекеменің қазіргі директоры Аслан Базарғалиев басшылыққа келгеннен өзіне тиісе бастаған.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Атырау бөлімшесінің бұрынғы бас инженері Бауыржан Қартан өзіне заңсыз жұмыстан шығару туралы шешімге қарсы сотқа жүгінді. Оның айтуынша, бұл шешімнің себебі – аттестациядан өте алмауы емес, қазіргі директор Аслан Базарғалиев тарапынан ұзақ уақыт бойы көрсетілген қысым.
– Мұның бәрі менің белсенділігім үшін басталды деп есептеймін, – дейді Қартан.
«Қарсы болғаным үшін кек сақтады»
Қартанның айтуынша, Аслан Базарғалиевпен жұмыс барысында бұрыннан келіспеушілік болған. Ол кезде Базарғалиев логистика жөніндегі орынбасар қызметін атқарған. Сол кездің өзінде ол Қартанға қызметіне қатысы жоқ міндеттерді жүктеуге тырысқан көрінеді.
- Мен қарсы екенімді айттым. Ол директор болған соң, түрлі сылтаумен тиісу басталды. Әсіресе мен бір ардагер теміржолшының мерейтойын ұйымдастыруға белсенді араласқаным оған ұнамады. Мұндай істерде оның тәжірибесі болмаған сияқты, менің көзге түскенім оған жақпай қалды, – дейді Қартан.
Бәрі 2023 жылы кәсіподақ төрағасын сайлау кезінде басталып, ашық қысымға ұласты, дейді Қартан. Сол кезде ол отбасылық жағдайға байланысты ақысыз демалыста болған. Бірақ директор оны сайлауға араласып, өз кандидатын қоюға көмектесуге мәжбүрлемек болған. Қартан бұл ұсыныстан бас тартқан.
– Оған қызмет етпейтін адам болып көріндім. Мұның алдындағы кәсіподақ төрағасы Нұрбол Нурышевқа тиісіп, жұмыстан кетуіне мәжбүр еткен болатын. Биыл да кәсіподақ төрағасына өз кандидатын қоюға араласып отыр, - дейді ол.
Кәсіподақ сайлауы қысыммен өтті ме?
18 маусымда Кәсіподақтар үйінде жаңа төраға сайлау өтті. Сол кездегі кәсіподақ төрағасы Боранбай Қамиев сол күні өзіне қысым жасалғанын хабарлады. Қызметкерлер дауыс берудің бастар алдында ол қазіргі директор өзінің жақтастарымен бірге келген. Сайлауға араласпауын сұраған ескертуге қарамастан шықпай қойған. Мұны өзіне жасалған қысым деп қабылдаған Қамиев сайлау өтіп жатқан жерден шығып кеткен. Кейін оны мерзімінен бұрын орнынан алған, алайда оның өкілеттілігі 2028 жылға дейін.
— Мені соңғы кеңесте бюджеттің ашықтығы туралы мәселе көтергенім үшін орнымнан алды, — дейді Қамиев.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Қарабатан станциясы учаскесінің бастығы Мереке Басанов төраға болып сайланды.
Қамиев сайлау рәсімі бұзылған деп есептейді. Оның айтуынша, делегаттарға ықпал жасалған, дауыс берген адамдарды басқару әрекеттері болған. Ол әсіресе орынбасар директор Бекәділ Сауровтың ролін айрықша атап өтті. Сауров, Қамиевтің сөзінше, Басановты кандидат ретінде ұсынуға құқығы болмаған. Өйткені оның кәсіподақ саласында тәжірибесі жоқ.
– Алғашында дауыс тең болды. Кейін үзіліс болды, содан соң кенеттен Басановқа бір дауыс көп болып шықты, – дейді Қамиев.
Ол «Қазпрофтранс» салалық кәсіподағына, Кәсіподақтар федерациясына шағымданды, сондай-ақ Атырау желілік полиция бөліміне арыз жазды. Осы негізде 24 мамырда ҚР Қылмыстық кодексінің 154-бабы («Жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі жасау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл істің басты фигуранты – Сауров.
Ал Сауров мұны жала жабу дейді. Ол істің қозғалғанын мойындады, бірақ полицияға қарсы арыз жазып, жалған ақпарат тарату және құжаттарды бұрмалау туралы шағымданғанын хабарлады. Оның айтуынша, Қамиевтің кәсіподақтың орталық кеңесіне жазған хатында бес адам қол қойғандарын жоққа шығарған, ал 22 адам хат мәтінін мүлде көрмеген.
— Мен Басановты «қойғым келеді» дегенім жоқ. Тек ол жақсы маман деп айттым. Ұжым дауыс береді, — деді Сауров. — Ол мәдениетті де, қауіпсіздік саласын да жақсы біледі. Ал теміржол – қауіп-қатері жоғары сала.
Қазір тергеу Қамиев пен Сауровтың арыздары бойынша екі іс бойынша қатар жүргізілуде.
«Казпрофтранс» басшысы Оразғали Ахметбаев сайлау жарғыға сай өткенін, жылына бір рет сайлау өткізуге болатынын растады. Ал қысым мен манипуляция туралы айыптауларды жоққа шығарды.
«Мені ұжым алдында кемсітті»
Қартан өзіне қысым барлық деңгейде жасалғанын айтады:
— Жиналыстарда жұмысыма тиісіп, кекетіп отыруды әдетке айналдырды. Менің атыма қала, облыс басшыларынан келген алғыс хаттарды тығып көрсетпейтін болды. Былтырғы тасқын судан қорғану жұмыстарындағы еңбегіме ауыл тұрғындарынан алғыс алсам да жағада жүріп ұжымды басқарған, қатысқан еңбегімді кекесінмен айтып жүрді. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, «Аманат» бастауыш партиясы ұйымының төрағасы, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстардан мәжбүрлі түрде бас тартуға тура келді. Бәрібір жақпадым,
Ресми себеп — Қартан қызметкерлер арасындағы аттестацияның екінші кезеңінен өтпей қалды деген. Бірақ ол аттестация бойынша әуелі тестілеуден өтіп, сұрақтардың 90% жауап бердім дейді. Ал сұхбаттасу кезінде әртүрлі сұрақтар қойылып, кейбіріне жауап беруден тосылып қалған.
- Қорытынды шығарарда комиссия мені қатыстырған жоқ, өздері ақылдасып мені қызметіме сәйкес емес деген қорытындыны бірақ айтты, ешқандай уәж айтпады, айтатын уәждері де жоқ еді. Аттестация қорытындысымен келіспейтінімді жазып берген. Бірақ одан нәтиже болмады. Комиссия құрамындағы жұмысшы өкілі де жұмыс берушінің ығында болды, ол комиссия құрамында заңсыз қатыстырылған, ол бар болғаны кеңесші қызметіндегі адам. Оның үстіне өзім мүше болып, жарнасын төлеп келген кәсіподақ өкілі комиссия құрамына енгізілмеді.
Оның айтуынша, жұмыстан шығаруға тікелей директор бастамашы болған.
— Аттестациядан сұхбаттасу арқылы жұмыстан кетіру оқиғасы өңірде бірінші рет болып отыр. Бүкіл ұжым таңқалды. Бұл басшы жұмыспен емес, адаммен алысып жүр.
«Бұл өмірімнің мәні болған»
Бауыржан Қартан — теміржол саласында 23 жыл еңбек өтілі бар маман. 2017 жылдан бері «ҚТЖ» жүйесінде жұмыс істейді. Міндеті еңбек қорғау, экология, сатып алу, метрология, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс салаларына жауап беру болған. Сол уақыттан бері ауыр оқиғалар тіркелмеген.
- Темір жол саласында жоғары білімім де темір жол оқуы, жас маман, жақсы адам болып осы темір жолда қалыптастым, темір жол менің өмірім, отбасымның бақыты, болған...! - дейді Қартан.
Аслан Базарғалиев филиалды 2021 жылғы қарашадан бастап басқарып келеді. Бұрын логистика бойынша директордың орынбасары болған. Бұрын пара алу күдігі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарында болған, бірақ іс құрамының болмауына байланысты жабылған.
Мақала жарияланған кезде ол еңбек демалысында болды. Біз компанияға, полицияға және кәсіподақтарға ресми сауал жолдадық.
Жалғасы бар.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +1