
Атырау қаласындағы Қаныш Сәтпаев даңғылында орналасқан көппәтерлі жеті тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда олардың төртеуінде жұмыстар толық аяқталған, ал қалған үшеуінде 90 пайызға орындалған. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ербол Айтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба аясында үйлердің қасбеттері жаңартылып, заманауи түстермен әрленген. Сондай-ақ шатырлар толық ауыстырылып, оқшаулағыш материалдармен жабдықталған. Кешенді жөндеу барысында ЛЭД жарық шамдары орнатылып, домофон жүйесі жаңартылған. Аулаға жаңа орындықтар қойылып, тұрғындар үшін қолайлы орта жасалған.
– Құрылыс жұмыстарын «TAU CORPORATION LTD», «NS-construction» және «Тенгиз Транс Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқаруда. Жөндеу аяқталмаған үш үйді шілде айында тапсыру көзделіп отыр. Жобалар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда, – деді Е.Айтқалиев.
Айта кетейік, бұл жұмыстар көпқабатты үйлердің тозуын азайтып, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.
В Атырау +1