Атырау, 7 желтоқсан 12:03
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

30 маусымнан бастап Атырау облысында балабақшаларға ваучерлік жүйе енгізіледі

Бейнежазба
612 рет қаралды
Видеодан стоп-кадр

2025 жылдың 30 маусымынан бастап Атырау облысындағы мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі ресми түрде қолданысқа енеді. 

Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Ғилманова хабарлады.

Жаңа жүйе бойынша ваучерлер баланың кезекке тұрған уақыты, жасы және әлеуметтік мәртебесіне байланысты 21 санатқа бөлініп беріледі. Ата-аналарға бұл жөнінде 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған соң, олар екі жұмыс күні ішінде ваучерді растауы тиіс. Егер осы уақыт ішінде растау жүргізілмесе, ваучер күшін жояды. Дегенмен ата-анаға оны 28 күн ішінде бір рет қайта қалпына келтіру мүмкіндігі беріледі.

- Расталғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде ата-ана балабақшаны таңдап, құжаттарын тапсырып, келісімшартқа қол қояды. Егер таңдалған балабақшада орын болмаса, жүйе баланы автоматты түрде «күту парағына» тіркейді. Орын босай қалған жағдайда ата-анаға хабарлама жолданып, бұл кезде де оны растау үшін екі күн ғана беріледі, - деді Г. Ғилманова.

Гүлсім Ғилманованың айтуынша, жаңа модель балабақшалардағы қызмет сапасын арттырып, қаржыландыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Енді қаражат баланың нақты баруын растайтын мәліметтер негізінде ғана аударылады.

Мамандардың пікірінше, бұл бастама мектепке дейінгі білім беру саласындағы ата-аналар мен мекемелер арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығарып, таңдау еркіндігі мен есептілікті арттыруға септігін тигізеді.

Айта кетейік, ваучерлік жүйе 2025 жылдың маусым-шілде айларында Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр.


24 маусым, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.