Атырау, 12 қазан 13:44
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Сарапшылар Сирияға шабуыл 29 тамыз түнде жасалады деп болжауда

2 839 просмотра

28 тамызда АҚШ әскері Сирияға қарсы соғысты бастайды деген ақпарат әлемді дүрліктірді.

Бірақ, түн тыныш өткенімен, көптеген сарапшылар шабуыл 29 тамыз түнде жасалады деп отыр. Wall Street Journal газетінің Ақ үйге сілтеме жасаған мәліметінде АҚШ Үкіметі БҰҰ-нан Сириядағы инспекторлар тобын тез арада алып кетуді өтінген. Лондонда өтіп жатқан Ұлыбритания Парламентінің отырысы да жұмаға қараған түні аяқталады. Онда британиялық депутаттар Премьер-министр Дэвид Кэмеронның Сирияға басып кіру жоспарына рұқсат беруі мүмкін. Сирияның дәл іргесінде тұрған НАТО-мен одақтас Түркия әскерінің әзірлік жасап, сақадай сай тұруы да қауіпті күшейтіп тұр. 28 тамыз түнде Дамаскіге ешқандай шабуыл жасалған жоқ. Бірақ, халық үрей құшағында жүр. Сирия билігі бүлікшілердің химиялық қару қолданғаны туралы жаңа деректерді тез арада тергеуді талап етуде. Шабуылдар 22-25 тамыз аралығында болған. Миды тырыстыратын зарин газы Үкімет әскеріне қарсы атылған. Бұл туралы Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар Джафари мәлімдеді. 

Башар ДЖАФАРИ, Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Қазір Дамаск маңындағы химиялық шабуылға тап болған көптеген сириялық сарбаздар ауруханаларда емделіп жатыр. Бұл лаңкестік топтар химиялық қаруларды сыртқы күштерден Түркия, Сауд Арабиясы мен Катардан алған.

Бірақ, АҚШ қалай болғанда да Сирияға шабуыл жасауға бекініп отыр. Ақ үй араб еліне қатысты 3 түрлі жоспар әзірлеп қойған. Бірақ, олардың ешбірі жағдайды бейбіт реттеуді қарастырмайды.

Барак ОБАМА, АҚШ Президенті:

- Мен әлі шешім қабылдаған жоқпын. Әскерилер маған түрлі нұсқалар ұсынып жатыр. Дегенмен, қарулы басқыншылық жағдайды өзгертуге еш көмектесе алмайды деген қорытындыға келдім. Бірақ, егер Асад режимі өз халқына қарсы химиялық қару қолданатын болса, онда біз ойымызды өзгертеміз.

АҚШ-ты еуропалық елдердің бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. Австрия әуе кеңістігін Сирияны бомбалайтын НАТО ұшақтарына беруден бас тартты. Бұл туралы «Кроне Зейтунг» электронды газеті хабарлады. Ресми Вена мұндай қадам заңнамаға қарама-қайшы деп жауап берген. Германия, Бельгия, Чехия Үкіметтері де Сирияға басып кіруге қарсы. Олар жағдайдың бейбіт және дипломатиялық жолмен реттелгенін қалайды. Ал Сириядағы БҰҰ-ның инспекторлары тергеу істерін қайта жандандырды. Халықаралық сарапшылардың жұмысты аяқтауына 4 күн қажет. Сирияның тағдыры солардың қабылдайтын шешіміне байланысты болып тұр. Бірақ, АҚШ пен Ұлыбритания билігі Башар Асад режиміе қарсы әскери операцияны БҰҰ-ның келісімінсіз бастап жіберуі де мүмкін.

Дереккөз: 24.kz

29 тамыз 2013, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.