
Қазақстандық әншілер Мирас Жүгінісов пен Qanay-дың концерті басталмай жатып аяқталды. Көрермендер жиналып, әртістер де дайын болғанымен, есіктер ашылмады.
Куәгерлердің айтуынша, халықты ұзақ уақыт бойы ештеңеден хабарсыз ұстаған.
— Біз концерт басталуына бір сағат қалғанда келдік, бірақ бәрі жабық болды. Кейін біреу шығып, шараның болмайтынын айтты, — деді көрермендердің бірі.
Шараны Атырау мен Құлсарының жас ұйымдастырушылары өткізбек болған. Алайда олар не себепті қарапайым ұйымдастыру жұмыстарын орындай алмағанын түсіндірмеді. Ал көрермендерден әнші Мирас Жүгінісовтің өзі кешірім сұрады:
— Біз де сіздер секілді сахна сыртында күтіп тұрдық, бәрі реттеледі деп үміттендік. Өкінішке орай, залдың жалға алу ақысы төленбеген болып шықты. Бұл өкінішті жағдай, — деді ол.
Концерттің басқа күнге ауыстырылатыны туралы айтылған жоқ, бірақ ұйымдастырушылар билет ақшасын қайтарамыз деп уәде берді. Атыраудан ғана емес, Құлсары мен Оралдан да келген көрермендер шара өтпеген соң бос қайтты.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +1