Атырау, 7 желтоқсан 17:52
 ашықВ Атырау -3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Мыңжылдықтар қойнауынан: ежелгі алыптардың сүйегі Жайық жағасынан​ табылған

380 рет қаралды

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ең құнды экспонаттарының бірі — Каспий маңының ежелгі әлемінің байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін палеонтологиялық жинақ.

Музей залдарын аралап жүріп, қарапайым көрінгенімен әсерлі осы палеонтологиялық бұрышқа назар аудармай кету мүмкін емес. Экспозицияда мамонттар, ежелгі бұғылар, мүйізтұмсықтар, бұқалар сияқты жануарлардың сүйектері қойылған — әрине, өздері емес, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен осы ғасырда табылған сүйектер. Барлық экспонаттар кайнозой дәуіріне жатады — бұл Жердің қазіргі геологиялық тарихындағы дәуір, шамамен 66 миллион жыл бұрын басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді.

Мамонттарға қатысты нәрсенің бәрі музейге келушілердің, әсіресе жас балалардың қызығушылығын тудырады. Бұл алып жануарлар — сол дәуірдің ең жақсы зерттелген өкілдері. Мамонттар шамамен 5 миллион жыл бұрын пайда болып, 4-10 мың жыл бұрын жойылған.

Музейдегі барлық мамонт сүйектері Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарынан табылған: тістер, азулар, қабырғалар және басқа да сүйек бөліктері.

Ең соңғы табылған жәдігер — 2019 жылы Индер ауданында, Жайық өзені жағасынан табылған мамонттың жамбас сүйегі. Оның ұзындығы бір метрден асады, салмағы 25 келіден көп.

Айта кетерлігі, сүйектер не өзеннің жағасынан, не судың ішінен табылған. Ал біздің облысқа келсек, олар тек Махамбет пен Индер аудандарынан, яғни Жайық өзені ағып жатқан жерлерден табылған. Мысалы, бір мамонттың тісі балық аулайтын торға іліккен.

Сондықтан ғалымдар арасында бұл жануарлар бір кездері осы өңірде өмір сүрген деген болжам бар, бірақ кейбіреулердің пікірінше, сүйектерді өзеннің ағыс суы жоғарыдан төменге алып келген болуы мүмкін.

Мамонт тісіМамонттың азуыБұғы мүйізіБұқаның бас сүйегіМүйізтұмсықтың бас сүйегі

Өкінішке орай, ерекше жәдігерлердің бәрі ғалымдардың немесе музейлердің қолына түсе бермейді. Танымал тарихшы-өлкетанушы Вячеслав Афанасьев бірде мектеп оқушыларымен бірге тарихи Сарайшық қалашығына табиғи жорыққа шыққанын айтқан еді. Бұл 1950 жылдардың соңында болған. Ауыл тұрғындары бірнеше жыл бұрын жергілікті балықшылар тормен бірге бірнеше алып сүйектерді судан шығарып алғандарын айтқан. Екі сүйекті олар қалаға, музейге апарып, сыйақысына тапсырамыз деп үміттенген, бірақ олар бас тартқан.

Үйлеріне ренжіп қайтқан ер адамдар тауып алған сүйектердің бәрін қайтадан өзенге лақтырып жіберген! Тек біреуін ғана қалдырыпты. Сол сүйекті Вячеслав Константинович сұрап алып, оны үш түрлі ракурста суретке түсіріп, КСРО Ғылым академиясының Мәскеу палеонтология институтына жолдаған. Көп ұзамай: «Бұл – мамонттың жіліншігі...» деген  таңғаларлық жауап келген.

Ал осы ғасырда, Индер ауданында (тағы да өзен жағасында) екі жыл айырмашылықпен мамонт пен ежелгі мүйізтұмсықтың алып бас сүйектері табылған. Алайда, өкінішке қарай, мамонттың сүйегін біреу жүк көлігімен белгісіз жаққа алып кеткен, ал екінші сүйекті тапқан адамның сұраған бағасы тым қымбат болғандықтан музей сатып ала алмаған.

– Ал, динозавр сүйектері бар ма? – деп сұрадым мен.

– Жоқ, – деп жымия жауап берді экскурсия-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ғалия Назарбекова. – Бірақ солардың «туысқандары» бар. Ерте заманда бұл жерде ежелгі Тетис мұхитының сулары шайып жатқан кезде, оның ішінде ірі су жыртқыштары – ихтиозаврлар, мозазаврлар мен плезиозаврлар мекендеген.

Бұл жануарлардың омыртқалары мен тістері, сондай-ақ Ақтолағай мен Ақкегершеннің бор тауларынан табылған басқа да бірегей жәдігерлер Жилгородоктағы палеонтологиялық музейде (облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалында) сақтаулы.

Бұл музей – марқұм зерттеуші-өлкетанушы Юрий Пастуховтың бастамасымен ашылған және Қазақстандағы мезозой дәуіріне арналған жалғыз палеонтологиялық музей болып саналады.

Дегенмен, Ғ. Назарбекованың айтуынша, біздің облыс аумағында нағыз динозаврдың бір түрі өмір сүрген болуы мүмкін. Осы уақытқа дейін оның бар болғанын дәлелдейтін небәрі екі омыртқа табылған. Бұл сүйектерді палеонтолог Анатолий Рябинин өткен ғасырдың 30-жылдары зерттеп жазған. Зерттеушілер оны Ембі өзенінің құрметіне эмбазавр деп атаған. Ғалымдардың пайымдауынша, ол шамамен 140 миллион жыл бұрын тіршілік еткен.

Қазіргі уақытта эмбазаврдың омыртқалары нақты қайда екені белгісіз.

Лев ГУЗИКОВ

Музей ұсынған суреттер 

23 маусым, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.