Атырау, 7 желтоқсан 17:52
 ашықВ Атырау -3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Өртке оранған «Ақ Жайық» қонақ үйінің орнына зәулім ғимарат пен фуникулёр салынады

468 рет қаралды

Сенімді дереккөздердің хабарлауынша, 2018 жылы өрттен зардап шеккен Атыраудағы бұрынғы «Ақ Жайық» қонақ үйін жеке инвестор сатып алған.

Қазір италиялық мамандардың қатысуымен жаңа сәулеттік жоба әзірленіп жатыр. Жобаға сәйкес, ескі ғимарат толықтай бұзылып, оның орнына халықаралық деңгейдегі бес жұлдызды қонақ үй кешені салынады.

Сәулетшілердің ойынша, болашақ қонақ үй кешені Қазақстандағы ең биік ғимарат болады — ол тіпті Астанадағы 311 метрлік «Абу-Даби Плаза» ғимаратынан да асып түседі. Салыстыру үшін айтсақ, қазіргі таңда Атыраудағы ең биік ғимарат — биіктігі 88 метр болатын Marriott Executive Apartments.

Жобада түбегейлі өзгерістер қарастырылғанына қарамастан, ғимараттың тарихи атауы сақталады — бұл қаланың өзіндік келбетін жоғалтпау үшін жасалмақ. Сонымен қатар, Жайық өзенінің үстімен өтетін фуникулёр салу идеясы да қарастырылып жатыр. Ол жаңа тартымды орын әрі көлік қатынасының бір бөлігі болмақ.

Жобаның ресми таныстырылымы 2025 жылдың тамызына жоспарланған.

Азғана тарихы

Ғимарат 1973 жылы салынған және бастапқыда «Гурьев» деп аталған. 1990 жылдары жекеменшікке өтті — алдымен «Ақ Жайық Профит» ЖШС-нің, кейін Алматыдағы «Тема Ко» ЖШС-нің меншігіне айналды. Ал өрттен кейін нақты иесі ретінде «Techne Hotel» ЖШС көрсетілген.

Айта кетейік, осыдан жеті жыл бұрын, 4 шілде күні қонақ үйге жапсарлас салынған The Guns & Roses Pub-Grille мейрамханасында өрт шықты. «АЖ» мұрағатының деректеріне сәйкес, жалын коммуникациялық шахталар арқылы тез таралып, жоғарғы қабаттарға жеткен. Өрттің жалпы аумағы шамамен 3 500 шаршы метрді құрап, оны сөндіру жұмыстары тоғыз сағаттан астам уақытқа созылды. Абырой болғанда, адам шығыны болмады, алайда сол уақыттан бері ғимарат жөнделмеген.

Енді бұл ғимараттың екінші тынысы ашылмақ. Егер жоба толығымен жүзеге асса, жаңа «Ақ Жайық» жай ғана қонақ үй емес, тарихи атауы бар, бірақ халықаралық деңгейдегі қаланың жаңа келбетіне айналады.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

23 маусым, 13:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.