
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Рожков» газ конденсатты кен орнын аралап, өндірістік нысандардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, ол «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нің — аталмыш кен орнын игерудің операторы — ағымдағы қызметіне қатысты кеңес өткізді.
Кәсіпорын басшысы Аман Имандосов компанияның биылғы бес айдағы өндіріс көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Жыл басынан бері кен орнында 191 миллион текше метр газ және 143 мың тонна конденсат өндірілген. Ал 2025 жылдың жалпы жоспары — 527 миллион текше метр газ және 351 мың тонна конденсат.
«Урал Ойл энд Газ» өндірген газдан айына 6 мың тоннадан астам сұйытылған көмірсутек газы алынады. Бұл көлем тек Батыс Қазақстан облысының сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, артық газды еліміздің басқа аймақтарына жеткізуге мүмкіндік береді.
Кеңес барысында 2026 жылдың соңына дейін тағы үш ұңғыманы іске қосу арқылы кен орнын игерудің екінші кезеңін жеделдету мәселесі басты назарға алынды. Бұл шара тәулігіне 2 миллион текше метр, яғни жылына 700 миллион текше метр газ өндіруге жол ашады.
Сонымен қатар, «Урал Ойл энд Газ» компаниясы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен үлес қосып келеді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында кәсіпорын 4,5 миллиард теңге салық төледі.
Асхат Хасенов кеңес қорытындысы бойынша «Урал Ойл энд Газ» басшылығына 2025 жылғы газ өндіру жоспарын толық орындауды және кен орнын игерудің екінші кезеңін жедел іске қосуды тапсырды.
Айта кетейік, «Рожков» газ конденсатты кен орнын «Урал Ойл энд Газ» ЖШС басқарады. Компанияның үлескерлері арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%), Мажарстанның MOL Caspian Oil and Gas Plc. (27,5%) және Қытайдың Sinopec компаниясының еншілес ұйымы — First International Oil корпорациясы (22,5%) бар.
Бұған дейін "АЖ" сәуір айында Бәйтерек ауданына қарасты, Рожков мұнай-газ кен орнына жақын орналасқан Петрово ауылының тұрғындарын көшіру жоспарланып жатқанын хабарлаған болатын.