Атырау, 26 қараша 04:38
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Есеп беру және шағын хабарландыру

3 995 просмотра

3 және 14 қыркүйек аралығында Атырау қаласының ЖЭО жүйесіне қосылған тұрмысқа жайлы тұрғын үйлерінде ыстық су болмайды. Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажет, жылу желісі жұмыс жасап тұрса, жөндеу жасау мүмкін емес, - деп хабарлады «Атырау жылу желілері» АҚ-ның президенті Нұраддин ШАМШАТОВ.

Бас жылу таратушы баспасөз қызметкерлерімен кәсіпорынның 2013 жылғы инвестициялық жоспарының орындалуы жөнінде кездескен, алайда әңгімесін алдағы қысқа жылу желісінің дайындығы турасында бастады.

- Барлық дайындық жұмыстарын біз 25 қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жөндейміз деп жоспарлаған 33,4 шақырым жылу желісінен бүгінде 27,9 шақырымы жөнделді. Ауыстырамыз деп жоспарланған 41,5 шақырым жылу оқшаулағыштардың 35 шақырымы ауыстырылды. 249 жылу алмастырғыштардың 215-і, 44 жылу бекеттерінің 40-ы жөнделді. Барлық мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері жылу қабылдауға дайын. 2 балабақшада жылу құбырларына қысыммен сынақ жүргізгенде, ақаулар табылды, алайда олар жақын әзірде жөнделетін болады.

Иесіз қалған жылу желілерінің тағдыры туралы қойылған сұраққа Шамратов Атырауда осындай 23,1 шақырым құбыр бар деп жауап берді. Олар шағын учаскелерде орналасқан және барлық ықшамаудандарда бар. Бұлар - бұрынғы ведомстволарға тиесілі жылу желілері.

- Біздер солар арқылы жылу жібереміз, алайда оларды жөндеуге құқығымыз жоқ. Өткен жылы біз қала әкіміне осы иесіз желілерді көрсетіп, хат жаздық. Қазір қалалық әкімдік осы мәселе бойынша жұмыс жасап жатыр. Өйткені жылу желілерін иесіз деп тануға тек сот қана шешім шығара алады, ал бұл үшін көп құжаттар жинау керек. Қалалық ТКШ бөлімі құбыр желілерінің кейбір учаскелерін иесіз деп тану туралы сотқа талап арыз берді.

Әрі қарай Н. Шамшатов «АЖЖ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы жөнінде нақтылап айтып берді. Өткен жылы «АЖЖ» бағдарлама аясында 369 млн теңге игерген. Үстіміздегі жылы 325 млн игеру жоспарлануда. Осы ассигнациялаудың негізгі бөлігі, нақтылап айтсақ 216,8 млн теңгесі магистралды желілерді қайта жаңғыртуға бағытталды.

«№3 Павильон – СМП-136 ықшамауданы – М2А магистралы» жылу желісі учаскесінде 230, 325 және 426 миллиметрлі әр түрлі құбыр желісі жалғанған-ды. Бұл магистрал қаланың орталық бөлігінен бастау алып, халық көп қоныстанған Привокзальныйдағы тұрғын үйлерді жылумен қамтитын. Қатты аяз немесе қала орталығының жылу желілерінде апат болған кездері тұрғындар жылусыз қалатын.

Осы мәселені шешу үшін ЖЭО-дан теміржол вокзалына дейін диаметрі 530 мм жаңа жылу желісін салуға 3 жылдық бағдарлама қабылданды. Осы жылдың мамыры мен тамыз айлары аралығында құрылыстың екінші кезеңі – Елшібек елді мекені арқылы Алмагүл ықшамауданындағы әйелдер колониясына дейін құбыр тарту жүзеге асырылды. Шамшатовтың айтуынша, Привокзальныйдың «жылу тәуелсіздігіне» бағытталған бұл жоба келесі жылы аяқталады және қаланың сол жақ жағалауы бөлігіндегі жылу желісі айналмалы болады.

2011 жылы «Батысжылусараптама» ЖШС жүргізген сараптама деректері бойынша, «Атырау жылу желілері» АҚ сорғыларының 59%-ы тозған екен. Міне, сондықтан да оларды ауыстыруға, жылу есептегіш аспаптарын қондыру мен диспетчерлендіруге 95 млн теңге бөлінді. 38 сорғы сатып алынып, оларды үлкен қызмет көрсету радиустары бар №№5, 43, 47 және 56 жылу бекеттеріне қондыруға шешім қабылданды. Сондай-ақ 22 пирометр – құбыр ішіндегі жылы судың температурасын өлшеу аспабы алынды.

Жылу бекеттерін диспетчерлендіру жұмыстары жалғасын тапты. 1993 жылы финляндиялық «ЕККЕ Инжиниринг ЛТД» компаниясы 20 жылу бекетіне жылу желісі параметрлерін бақылау жүйесін қондырған. Осы 20 жылда аспаптардың көпшілігі ескіріп, пайдаға аспай қалып жатыр. Өткен жылы осы жылу бекеттерінің жүйесі қалпына келтірілді, ал биыл жылу магистралдары мен жылу бекеттерінің тағы да 34 нүктесіне датчиктер мен аспаптар орнатылды. Сонымен қатар, 32 млн теңгеге 4 шақырым ұзындыққа жететін көбікпен полимерленген жылу оқшаулағыш алынып, қондырылды. Сондай-ақ КамАЗ базасында көлемі 10 «текше» болатын вакуумды агрегат сатып алынды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

29 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.