
Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) бұрынғы басшысы Мұрат Досмұратов қайтадан сотқа тартылады. Жоғарғы сот қалалық және облыстық соттардың бұрынғы шешімдерін бұзып, істі қайта қарауға жолдады.
Еске салсақ, былтыр күзде Досмұратов салғырттық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу дерегінше, ол АМӨЗ директоры болып тұрған кезде жылу алмастырғышты кепілдік бойынша тегін жөндетуді талап етпей, шамамен 2 миллиард теңгеге жаңа келісімшарт жасаған.
Нәтижесінде ол кінәлі деп танылғанымен, мерзімнің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Дегенмен, мемлекет пайдасына 1 миллиард 971 миллион 424 мың теңге көлемінде материалдық шығын, 19 миллион 714 мың теңге мемлекеттік баж және 30 630 теңге көлемінде Жәбірленушілерді өтеу қорына мәжбүрлі төлем өндірілді.
2025 жылдың 31 қаңтарында апелляциялық инстанцияның қаулысымен үкім өзгертіліп, Досмұратовқа Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша 6 миллион 900 мың теңге айыппұл салынды.
Прокурор Д. Аубакиров Досмұратовтың шағымын қолдап, істі тоқтатуды сұрады. Адвокат А. Іздібаев пен қорғаушы Н. Досмұратова да үкімнің күшін жойып, ақтау туралы өтініш берді.
Нәтижесінде Жоғарғы сот та бұрынғы бас директорды жақтап, алдыңғы соттардың шешімдері нақты мән-жайларға сай келмейді және кінәсіз адам жауапқа тартылған деп тапты.
Іс материалдарын зерделегеннен кейін сот алқасы бұл тұжырыммен келісіп, істі қайта қарауға жіберді.
Бас прокуратураның пікірінше, бұрынғы сот инстанциялары бірқатар маңызды қателіктерге жол берген. Атап айтқанда:
-
Жабдық жеткізуші компаниялармен хат алмасуды дұрыс түсінбеген;
-
Ақаудың Досмұратов қызметке келмей тұрып жасалған пайдалану регламентінен болғанын елемеген;
-
Жабдық мердігерлерге ескертілмей іске қосылған, бұл да ол тағайындалғанша болған;
-
Жөндеу туралы шешімді сараптамалық кеңес Досмұратовтың қатысуынсыз қабылдаған;
-
Жаңа келісімшарт жасалған кезде кепілдік мәселесі әлдеқашан жабылған.
Бұдан бөлек, сот негізгі куәлардан жауап алмаған, техникалық регламентке баға бермеген және маманның қорытындысын елемеген.
Айта кетсек, бірінші инстанциядағы сот Досмұратовты кінәлі деп таныды. АМӨЗ директоры болып тұрған кезде 2021 жылғы 17 мамырда «AVC Production» ЖШС-мен жасалған келісімшарттағы кепілдік міндеттемелер аясында жылу алмастырғышты жөндеуге шара қолданбады. Оның орнына 2022 жылғы 29 қыркүйекте «Grif Kazakhstan» ЖШС мен «ЭОН Энерго» компаниясынан құралған консорциуммен жалпы сомасы 1 млрд 971 млн теңгеге жаңа келісімшарт жасаған. Осылайша, зауыттың мүддесіне зиян келтірген деп танылған.
Алайда Жоғарғы сот АМӨЗ Alfa Laval компаниясының жылу алмастырғышын екі рет сатып алғанын, алғашқысы — 2016 жылы, екіншісі — 2021 жылы орнатылғанын анықтады.
Сот атап өтті: айыптау үкімі жорамалдауға сүйенбеуі керек. Сондықтан, әлі сұралмаған куәларды шақырып, толық зерттелмеген құжаттарды қайта қарау қажет. Досмұратовтың әрекеттеріне бұл жолы барлық мән-жайды ескере отырып, баға қайта берілетін болады.
Әңгіме АМӨЗ-ге орнатылған Alfa Laval компаниясының жылу алмастырғышы жайлы болып отыр. Бірінші құрылғы зауытқа 2016 жылы, екіншісі 2021 жылы жеткізілген. Екеуі де бұзылған. Сараптама нәтижесінде бұзылу себебі — зауытқа жеткізілетін газдың қысымы төмен болғаны анықталды. Мұны құрылғыны шығарушы компания да растады.
Жөндеу жасалғанымен, ақау толық жойылмаған. Соттың пікірінше, Досмұратов кепілдік жөндеуін талап етпей, басқа мердігермен жаңа келісімшарт жасаған. Бірақ қорғаушының айтуынша, Досмұратов бұл келісімге дейін қабылданған шешімдер аясында әрекет еткен, сондықтан оған дейін кеткен қателіктер үшін жауапты болмауы керек.
АЖ АНЫҚТАМАСЫ
Мұрат Досмұратов — инженер-технолог, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ химия-технологиялық институтының және Мәскеу мұнай-газ университетінің түлегі. 2022 жылдан 2024 жылға дейін АМӨЗ-ді басқарған.
Істі қайта қарау Атырау облыстық сотында өтеді. Қазіргі уақытта нақты күні белгісіз. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, материалдар сотқа әлі түспеген. Облыстық прокуратура жағдайға түсініктеме бермеді.
Айнұр САПАРОВА