Атырау, 8 шілде 17:01
 ашықВ Атырау +27
$ 519.51
€ 611.83
₽ 6.60

Атырау тұрғыны зымыран шабуылы туралы: «Балаларға отшашу деп айттық»

442 рет қаралды
Сурет ChatGPT арқылы жасалған

Атыраулық Дамира Хантөре күйеуімен және балаларымен бірге Шарм-эль-Шейхте демалып жүр. Жағажайдағы әдеттегі кеш аяқ астынан соғыс хроникасын еске салатын көрініске айналған.

...Теңіздің үстімен зымыран ұшып, алыстан жарылыстың дыбысы естілді. Кейін Иранның Израильге соққы жасағаны белгілі болды.

— Біз қонақүй жағажайында едік, балалар құмда ойнап жүрген, музыка ойнап тұрды. Сол сәтте аспаннан зымыранды көрдік. Бәрі сілтідей тынып қалды. Қорқынышты еді. «Келесі зымыран осы жерге түссе қайтеміз?» деп ойладым. Өйткені Израиль дәл қасымызда еді. Бізге шекараға дейінгі қашықтық шамамен Атыраудан Ақтауға дейінгі ұзақтықта екенін айтты. Бұл жерде осындай шабуылдардан қорғайтын сенімді қорғаныс бар деп ойламаймын, — дейді Дамира.

Оның айтуынша, алдымен аспанда жарқыл көрініп, артынша тұншыға шыққан жарылыстың дыбысы естілген. Барлығы алыста болғанымен, анық көрініп тұрған. Бастапқыда туристер не болып жатқанын түсінбей қалды, бірақ көп ұзамай оның зымыран екені белгілі болды. Дегенмен, ешқандай дүрбелең болмады, бірақ бәрі — ересектер де, балалар да — іштей алаңдаулы күйде болды.

— Біз демалуға келдік, бірақ өзгелердің қақтығыс шекарасында қалдық. Балаларды қорқытпау үшін қорқынышымды білдірмедім, оларға бұл жай ғана отшашу деп айттым, — дейді ол.

Дамираның өзі қатты уайымдаған. Қонақүй қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, туристерді эвакуациялаған жоқ, қызметкерлер сабырлы, бірақ жалпы үрей сезімі бәрібір байқалады — әсіресе жаңалықтарды бақылап отырғандар қатты алаңдаулы.

Отбасы әлі де Мысырда, демалыстың аяқталуына бірнеше күн қалған. Алайда уайымсыз демалыстың орнына — үнемі жаңалықтарды бақылау мен мазасыздық билеген.

— Қазір дүние ештеңе болжай алмайтын болып кетті. Зымыраннан үрейленгеннен, Ақтаудың теңізі тыныш еді. Күн мен тыныштық іздеп келіп едік, уайымға тап болдық. Мұны ешкімнің басына бермесін.

Оның айтуынша, қонақүйде Қазақстан мен Ресей азаматтары көп. Адамдар Таяу Шығыстағы жағдайды талқылап, жаңалықтарды оқып, түрлі болжамдармен бөлісіп жатыр. Бәрі де рейстердің тоқтап қалмай, аман-есен үйлеріне ораламыз деген үмітте.

Айгүл МАНСУРОВА

16 маусым, 19:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.