
Исатай ауданының Аққыстау ауылының блогері Амандық Мұхтаров Instagram парақшасында жариялаған соңғы видеоларының бірінде балағат сөздер айтып, «халық жертөледе өмір сүріп жатыр» деп мәлімдеп, Қазақстан Республикасының Президентіне тіл тигізген.
12 маусымда Атырау қаласындағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта блогерге қатысты әкімшілік іс қаралды. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 434-бабының 1-бөлігі — «Ұсақ бұзақылық» — бойынша жауапқа тартылды.
Сотта оның кінәсі толық расталды: ол өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Бұл жеңілдетуші жайт ретінде ескерілді.
— Дегенмен, құқық бұзушылық сипатын ескере отырып, сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айгүл Мансурова