
Иранның дүйсенбіге қараған түні Израильге жасаған соққысы салдарынан қаза тапқандар саны 8 адамға жетті, шамамен 300 адам жарақат алды, деп жазды Times of Israel. Ал Иранда Израильдің жойғыш ұшағының соққысынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) барлау басшысы мен оның екі орынбасары қаза тапты, деп хабарлайды Euronews.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранды азаматтық нысандарға соққы беру арқылы Израиль армиясының шабуылдарын тоқтатуға мәжбүрлеуге тырысты деп айыптады. Сондай-ақ ол Тегеран тұрғындары «өте жақын арада» бұл үшін жауап беретінін айтты.
Иран тарапы қақтығыстар басталғалы 224 адамның қаза тауып, шамамен 1300 адамның жараланғанын хабарлады. Израиль Қарулы күштері Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасауда. Шабуылдар Ислам Республикасының жоғары әскери басшылығын да нысанаға алды.
Израильдің соққысынан КСИР барлау ұйымының ғимараты жойылып, оның басшысы Мохаммад Каземи, екі орынбасары және ондаған тергеуші мен арнайы қызмет өкілдері қаза тапты.
Дүйсенбі күні Израиль Қарулы күштері Тегерандағы «Әл-Кудс» арнайы бөлімшесінің командалық орталықтарына әуеден соққы жасағанын мәлімдеді. «Әл-Кудс» — Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының шетелде операция жүргізетін бөлімшесі, ол «Хезболла» сияқты шетелдік террористік топтарды басқарады және қаржыландырады. Израиль бұл орталықтардың лаңкестік шабуылдарды жоспарлау үшін пайдаланылғанын айтады.
Израильдің мәліметінше, жұма күнінен бері Иран 270-тен астам зымыран атқан. Олардың 22-сі «Темір күмбез» әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін айналып өтіп, 14 адамның өліміне және жүздеген адамның жаралануына себеп болды.
Израиль бұл соққыны Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу мақсатында ел тарихындағы ең ауқымды шабуыл деп сипаттады.
АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарлама бойынша кезекті келіссөздер жексенбіде Оман елінде өтуі тиіс еді, бірақ Израильдің шабуылынан кейін келіссөздер тоқтатылды.
Иран Катар мен Оман арқылы АҚШ пен Израильге: «Израиль соққылары жалғасып жатқанда, бітім туралы келіссөздер жүргізуге дайын емеспіз», — деп хабарлаған.
ЕО сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас сейсенбі күні қауымдастық елдері сыртқы істер министрлерінің бейнебайланыс арқылы шұғыл кездесуін өткізетінін мәлімдеді.
Бұл кездесу Тель-Авив пен Тегеранмен дипломатиялық жұмыстарды үйлестіру және ықтимал әрі қарайғы әрекеттерді талқылау мүмкіндігін береді, делінген Каллас кеңсесінің жексенбі күнгі хабарламасында.
«Біз шиеленісті азайтуға және Иранның ядролық мәселесіне ұзақ мерзімді дипломатиялық шешім табу үшін барлық күш-жігерді жалғастырамыз. Мұндай шешім тек келіссөздер арқылы ғана мүмкін», — делінген хабарламада.
В Атырау -3