Ханшайымдар мен амазонкалар
Индер ауданына сапарға шыққан «Хазардан қазаққа дейін» телеэкспедиция мүшелерінің жолы болды.
Экспедиция мүшелері ауданк өлемінде жатқан «Қылыш» жеріндегі қорғандардың бірін қазып, Сармат ханшайымының мәйітін тапты. Археолог Марат ХАСЕНОВТЫҢ айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қорғанның биіктігі 5 метр шамасындай. Тағы да сол жерден 30-40 шақты қорған анықталған. Кезекті қазу кезінде бойы 1,7 метр шамасындай болатын сарматтың жауынгер әйелі- амазонканың сүйегі табылған.
Бүгінде сармат көсемінің қорғанын қазуға мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Cусыз өткен үш күн
Құлсары қаласындағы 1-ші ықшамауданның тұрғындары үш күн қатарынан сусыз отырды.
- Бұл осымен бір айда екінші рет қайталанып отыр. «Игілік» бағдарламасына бөлінген ірі қаражат сонда қайда жұмсалған? - дейді ықшамаудан тұрғындары.
«Жылыойсу» КМК-ның директоры Балтабай ИБРАЕВ мәселенің орын алғанын растады.
- «Игілік» бағдарламасына сай су құбырының жүруі қыркүйектің ортасында толық пайдалануға беріледі деп отырмыз. Сонда сумен қамтуға қатысты проблеманы толықтай шешеміз деп ойлаймын, - деді ол.
Таксистке шабуыл
22 тамыз күні түн ортасында Құлсарыда таксистке шабуыл жасаған екі басбұзар оның ақшасы мен ұялы телефонын тартып алып, көлігін айдап кеткен.
- Біз таксистке шабуыл жасаған 1988 жылғы екі жігітті ұстадық. Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр, - деп хабарлады Жылыой аудандық ІІБ-нің бастығы Руслан ӘДІЛОВ.
Жас мамандарға көмек
Құрманғазы ауданында «Дипломмен-ауылға» бағдарламасына орай 42 жас маманға үй сатып алуға несие берілсе, 83 жас біржолғы көтерме жәрдемақысына қол жеткізген.
Шаруаларды қолдау
Қызылқоға ауданында жерасты құдығының ащылануы мал бағып отырған шаруалардың бас қайғысына айналды.
Аудан әкімдігі облыс басшылығына сұраныс беріп, 2014 жылдан бастап алыс мал жайылымдарында құдық қазу жұмыстарын жүргізбек.
Бруцеллез жұқтырған мал көбейді
Қызылқоға ауданында бруцеллез ауруы жойылмай отыр.
Күні бүгінде 883 бас қой-ешкінің көзі жойылып, ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай өртелген. Бірқатар мал иелеріне бюджеттен 2 млн теңге төленді. Өтемақы төлемі жалғасуда.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА