
Атырау облысына жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келді.
Жұмыс сапары барысында Батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша шұғыл шаралар жоспарының жүзеге асырылуы, «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы және бюджеттік жоспарлау реформаларына қатысты кеңес өткізді.
Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Абдікәрімов және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков қатысты.
Кеңес барысында Бюджет кодексін реформалау және бюджеттік жоспарлауды Өңірлік стандарттар жүйесімен (ӨСЖ) байланыстыру мәселелері қаралды. Бұл жүйе қаржы ресурстарын инфрақұрылымы артта қалған өңірлерге бағыттауға мүмкіндік береді. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында кәріз желілерінің, Атырау мен Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің тозуы республика бойынша орташа деңгейден жоғары екендігі атап өтілді.
Сонымен қатар, барлық батыс өңірлерде электр желілері мен жолдардың жағдайы да күрделі күйде қалып отыр. Қанат Бозымбаев инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеуде ӨСЖ көрсеткіштерін ескеріп, ең осал аймақтарға басымдық берудің маңыздылығын атап өтті. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2029 жылға дейін Батыс өңірлерде 2500-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 26 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Вице-премьер әкімдіктерге ауылдық округтердің мамандануын анықтап, 1 шілдеге дейін шағын несие беру бағдарламалары бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Кеңесте Батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының шұғыл шаралар жоспарының орындалу барысы бойынша есептер де тыңдалды. Сапар аясында Қанат Бозымбаев Атыраудағы бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады.
Атап айтқанда: «Атырау Су Арнасы» КМК, №5 сүзгі стансасы, қаланың кіреберіс жолының құрылысы және кәріздік тазарту нысандарының реконструкциясымен танысты.
В Атырау -2